«Келешек» бағдарламасы аясында 15 мың балаға 260 000 теңгеге жуық ақша түседі

«Келешек» бағдарламасы аясында 2026 жылдың алғашқы жартысында бес жасқа толған 15 085 балаға бастапқы білім беру капиталы беріледі. Қаражат жақын күндері олардың шоттарына аударылады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
«Отбасы банкінің» хабарлауынша, 2026 жылы бастапқы білім беру капиталының мөлшері 60 АЕК-ті немесе 259 500 теңгені құрайды. Ал жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар үшін сома 120 АЕК-ті немесе 519 мың теңгені құрайды.
AQYL білім беру депозиттеріне 3,9 млрд теңге аударылады. Ал екінші жартыжылдықта бес жасқа толатын балаларға бұл қаржы 2027 жылдың ақпан айында беріледі.
«Жыл қорытындысы бойынша бастапқы білім беру капиталын 29 099 бала алады. Мемлекеттік қолдаудың жалпы сомасы 7,5 миллиард теңгені құрайды», – делінген хабарламада.
«Келешек» бағдарламасы аясында мемлекет балаларға 5 жастан бастап бастапқы білім беру капиталын есептейді. Қаражат AQYL білім беру депозиттеріне түсіп, баланың болашақ оқуына жасалған алғашқы салым болып саналады.
Бүгінде «Отбасы банкі» арқылы мұндай қолдауды 35 070 бала алды. Мемлекеттік көмектің жалпы сомасы 8,2 млрд теңгені құрады.
Бастапқы капиталды сақтап қалу үшін мына шарттарды орындау қажет:
- ата-аналар бала кәмелеттік жасқа толғанға дейін немесе оқу орнына түскенге дейін AQYL депозитін жыл сайын толықтырып отыруы тиіс;
- биылғы ең төменгі жылдық жарна мөлшері – 24 АЕК (103 800 теңге);
- халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын балалар үшін – 12 АЕК (51 900 тенге);
- жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардан жыл сайынғы міндетті жарналар талап етілмейді.
Айта кетерлігі, бала кәмелетке толғанға дейін ата-аналар депозитті жыл сайын толықтырып отырады. Ал бала 18 жасқа келгенде жинаққа «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша түскен қаражатты да қосуға болады.
Бұған дейін Ұлттық қордан 2024 жылғы 1 ақпаннан 2026 жылғы 1 тамызға дейін 338 252 балаға шамамен 67,8 млн доллар төленгенін жазған едік.