Кепілсіз алынған несиеден 14 күн ішінде айыппұлсыз бас тартуға болады

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Кепілсіз несиеден 14 күн ішінде бас тартуға болады / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандықтар кепілсіз несиеден 14 күн ішінде ешқандай айыппұлсыз бас тарта алады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бекіткен бұл жаңа ереже 2026 жылдың 12 қазанынан бастап күшіне енеді.

Егер азамат несие алып, оны екі аптаның ішінде кері қайтарғысы келсе, банкке ешқандай айыппұл немесе өсім төлемейді. Бұл ретте ақшаны нақты пайдаланған күндері үшін ғана пайызын қайтарады.

Сонымен қатар несиемен бірге ресімделген ерікті сақтандыру шартынан да дәл осылай бас тартуға болады.

Банктер мен микроқаржы ұйымдары тұтынушыға несие мен қосымша қызметтерден айыппұлсыз бас тарту құқығы бар екенін алдын ала ескертуге міндеттелді.

Сонымен қатар қаржы ұйымдарына несие шартын жасыру, артық қызметтерді таңу және құжаттарда клиенттің орнына келісім белгісін алдын ала қойып қоюға тыйым салынады.

Енді банктер жарнамада несиенің толық құнын, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін, комиссиялары мен барлық шығындарын ашық көрсетуге тиіс.

Егер қосымша шарттары болса, несиені «тегін» немесе «комиссиясыз» деп жарнамалауға болмайды.

Бұған қоса, қаржы ұйымдары әр өнімнің тәуекелін алдын ала бағалап, оған арнайы цифрлық паспорт жасайды. Онда өнімнің сипаттамасы, пайызы, комиссиясы мен мақсатты аудиториясы көрсетіледі.

Тіпті несие өнімдері халыққа ұсынылмас бұрын арнайы тестілеуден өтеді. Бұл өзгерістер қаржы ұйымдарының жауапкершілігін арттырып, ұсынылатын несиенің клиентке шынымен де сәйкес келетінін тексеруге міндеттейді.

Сонымен қатар алаяқтарға алданғандар кредиті кешірілгенде табыс салығынан босатылуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз