Маңғыстауда кәсіпкер туризмге бөлген 117 млн теңгені депозитке салған

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Фото: Shutterstock

Маңғыстауда туризмді дамытуға бөлінген субсидияны қалтасына басқан кәсіпкер сотталды. Ол мемлекеттік қолдау бағдарламасы аясында бөлінген бюджет қаражатын жымқырған деп хабарлайды облыстық прокуратура.

Белгілі болғандай, «А» есімді жеке кәсіпкердің өкілі қулыққа барып, жалған құжат жасаған. Ол жобалық-сметалық құжаттамада орындалған құрылыс жұмыстарының көлемін әдейі асыра көрсеткен. Маңғыстаудағы демалыс базасының құрылысына кеткен шығынды өтейміз деген сылтаумен мемлекеттен 117,2 миллион теңге субсидияны заңсыз алып алған.

Мәселені тексере келгенде, демалыс орнының мемлекеттік қолдау бағдарламасы басталмай тұрып-ақ салынып қойғаны және құжатта көрсетілген кейбір құрылыс жұмыстарының мүлдем орындалмағаны анықталды.

Қылмыстық жолмен келген ақшаның ізін суыту үшін кәсіпкер өкілі жымқырылған бюджет қаражатын банк депозитіне салған. Әрі оның үстінен тағы 5,6 миллион теңге пайыздық кіріс тауып үлгерген.

Ақтау қалалық сотының үкімімен айыпталушы аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны және қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастырғаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталатын болды.

Оқи отырыңыз: Бюджеттен 2,5 млрд теңге жымқырды деген күдікті Вьетнамнан елге жеткізілді



Сондай-ақ оқыңыз