
Әлемдік мұнай нарығында баға қайта жоғарылап келеді. 20 тамыздағы саудада Brent маркалы мұнай барреліне $94,06-ға дейін көтерілді, ал WTI $87,67 шамасына жетті. Мұнай бесінші сауда сессиясы қатарынан қымбаттап отыр.
Бағаның негізгі драйвері – Таяу Шығыстағы геосаяси тәуекел және Ормұз бұғазы арқылы тасымалдың толық қалпына келмеуі. АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерде айқын ілгерілеу жоқ, ал бұғаздағы кеме қозғалысы соғысқа дейінгі деңгейден төмен қалып отыр.
Салыстыру үшін, 4 тамызда Brent $79,36-ға дейін төмендеген еді. Ол кезде АҚШ пен Иран арасындағы қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуге мүмкіндік бар деген үміт күшейген. Осылайша екі аптадан сәл астам уақытта Brent шамамен 18%-ға қымбаттады.
Brent мұнай бағасы онлайн
Brent Crude Oil, USD/баррель. Дерек TradingView арқылы жаңарып тұрады.
Мұнай қоры азайып жатыр
Халықаралық энергетика агенттігінің (IEA) дерегінше, шілдеде әлемдегі бақыланатын мұнай қоры 69 млн баррельге қысқарған. Иранмен қақтығыс басталғаннан бері қорлардың жалпы төмендеуі шамамен 410 млн баррельге жетті.
IEA үшінші тоқсанда әлемдік нарықтағы мұнай тапшылығын тәулігіне 1,8 млн баррель деп бағалап отыр. Сондықтан Ормұздағы жағдай ұзаққа созылса, мұнай бағасына қысым күшейе түсуі мүмкін.
Сонымен бірге сұраныс бойынша болжамдар әртүрлі. IEA 2026 жылы әлемдік мұнай сұранысы төмендейді деп күтсе, OPEC керісінше тұтыну әлі де өседі деп есептейді. Бұл айырмашылық мұнай бағасының алдағы айлардағы бағытына әсер ететін маңызды фактор болып отыр.
Ресей факторы да күшейді
Ресейдің мұнай экспортына қатысты проблемалар да нарыққа әсер етуде. Тамыздың алғашқы жартысында Ресейдің батыс порттарынан мұнай экспорты жоспардан шамамен 15% төмен болған.
Новороссийск арқылы жөнелту көлемі де айтарлықтай қысқарды. Бұған Ресейдің мұнай инфрақұрылымына жасалған шабуылдар мен логистикалық қиындықтар әсер етіп отыр.
Сонымен қатар Ресей қазақстандық KEBCO мұнайының бір бөлігін Усть-Лугадан Новороссийскіге бағыттап, Балтықтағы қуатты өзінің мұнай экспортына босатуға тырысуда.
Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуылдар бензин мен дизель нарығына да әсер етті. Шілдеде Ресейдің теңіз арқылы мұнай өнімдері экспорты бір айда 33%-дан астам төмендеді.
АҚШ-та қор көбейді
Бағаның өсуін тежейтін фактор да бар. АҚШ-та соңғы аптада шикі мұнай қоры күтпеген жерден 4,4 млн баррельге өсті.
Әдетте мұндай жаңалық мұнай бағасын төмендетеді. Алайда бұл жолы Ормұздағы тәуекел басым түсіп, Brent қымбаттауын жалғастырды.