Қытайлар Қазақстанға адам тәріздес робот шығаруға көмектеседі

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
AgoBot компаниясының гуманиод роботы
Адам тәріздес робот / фото: X/Agibot

Қытайдың AgiBot компаниясы Қазақстанда адам тәріздес робот шығарады. Республикада гуманоид роботтар өндірісін іске қосу жобасы Qazbot Robotics форумында талқыланды.

Университеттер робот шығарады

Ғылым және жоғары білім министрі Қытайдан келген AgiBot (Zhiyuan Robotics) – жасанды интеллект (AI) пен робототехниканы біріктіру саласындағы әлемдік жетекші технологиялық компаниямен кездесті. Шенеуніктік айтуынша, үкімет елде гуманоид роботтар өндірісін жолға қоюды көздейді.

«Біздің міндетіміз – дайын технологиялық шешімдерді енгізумен ғана шектелмей, Қазақстанда өзіміздің инженерлік және ғылыми құзыреттерімізді қалыптастыру. Гуманоид роботтар өндірісі университеттер, ғалымдар мен индустрияны біртұтас технологиялық тізбекке біріктіретін алаңға айналуға тиіс», – дейді Саясат Нұрбек.

Министрлік мәліметінше, қазір елдегі жоғары оқу орындарында робототехника бойынша 56 білім беру бағдарламасы бар. Енді университеттердің AgiBot компаниясымен ынтымақтастығы жеке бағыт ретінде дамиды.

«Ынтымақтастық ғалымдар, оқытушылар мен студенттерді гуманоид робототехника және жасанды интеллект саласындағы зерттеулерге тартуды, бейінді мамандар даярлауды, сондай-ақ озық робототехникалық шешімдерді Қазақстан өнеркәсібінің қажеттіліктеріне бейімдеуді көздейді», – деп таратты министрлік.

Жұмысқа Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) да қосылғаны айтылды.

AgiBot компаниясы туралы

AgiBot (Zhiyuan Robotics) – жасанды интеллект (AI) пен робот өндірісін біріктірген технологиялық компания. 2023 жылғы ақпанда құрылған компания негізін Huawei-дің бұрынғы топ-менеджерлері мен жетекші AI ғалымдары қалаған.

Компания өнімдері ішінде екі аяқты гуманоидтар, дөңгелекті және төрт аяқты роботтар бар. AgiBot 2026 жылғы наурызда 10 мыңыншы роботын конвейерден шығарған.

Бұл уақытта Қытай 2-ші World Humanoid Robot Games өткізуге дайындалып жатыр. Роботтар жарысы 22 тамызда Бейжіңде басталады. Біріншілікке дайындық барысында қытай роботы адамнан жылдам жүгірген, бірақ бүйірдегі техниканы сындырып алған.

Сондай-ақ оқыңыз