Рейс кешіксе, жолаушылар билетін онлайн ауыстыра алады: FlyArystan-да жаңа сервис

FlyArystan рейс кешіккен немесе тоқтатылған жағдайда жолаушыларға арналған онлайн-платформаны іске қосты, деп хабарлады әуе компаниясы.
Егер рейс ұшуға 72 сағат қалғанда немесе одан аз уақыт бұрын кешіктірілсе не тоқтатылса, жолаушыға WhatsApp арқылы немесе электронды поштаға хабарлама жіберіледі. Хабарламадағы сілтеме арқылы жаңа ұшу уақытын растауға, басқа рейсті таңдауға немесе билетті қайтаруға болады.
Билетті платформа арқылы FlyArystan-ның ресми сайты немесе мобильді қосымшасы арқылы сатып алған жолаушылар ғана қайтара алады. Ал билет турагенттік немесе онлайн-агрегатор арқылы алынған болса, ақшаны қайтару үшін билет сатушысына хабарласу қажет.
Егер рейс бес сағаттан аз уақытқа кешіксе, әуе компаниясы билетті тегін ауыстыруға немесе қайтаруға мүмкіндік бермейді. Мұндай жағдайда платформа арқылы тек жаңа ұшу уақытымен келісуге болады.
Еске салайық, қазақстандық екі әуе компаниясы Дубай қаласына рейстерді тоқтату мерзімін тағы да ұзартты. Air Astana мен FlyArystan ұшақтары 30 қыркүйекке дейін Әмірліктегі осы ірі шаһарға ұшпайды.