
Қазақ ағартушысы әрі ғалымы Шоқан Уәлиханов туралы фильмнің монтажы басталды. Тың мәліметті продюсер Майя Бекбаева Instagram-да жариялады.
«Шоқан Уәлиханов туралы фильміміз монтаж кезеңіне өтті. Жекелеген кадрлар, көріністер мен кейіпкерлердің сөздері біртіндеп тұтас картинаға айналып, көрнекті ғалым, саяхатшы әрі ағартушының бейнесі барған сайын жан-жақты әрі шынайы ашылып келеді», – деп жазды фильм авторы.
Бекбаеваның айтуынша, алда әлі де көп қажырлы еңбек бар, дегенмен Шоқанның тарихы жұмсалған әрбір күш-жігерге лайық. Ол әлеуметтік желіге бірнеше сурет жүктеді.






Деректі көркем фильм Қазақстан мен Өзбекстанда түсірілді. Жобаға Меруерт Өтекешова, Бақтияр Қожа сынды танымал актерлер қатысты. Ал Шоқан рөліне 28 жастағы Ерлан Құлмурзин бекітілді. Алайда осындай шешімді әлеуметтік желідегілер сынап, оны «Шоқанның атқосшысы» деп атады. Артынша продюсер Бекбаева басты рөлге сай актерді ұзақ іздегенін айтып, жұмысын бағалауға кеңес берді.
Бұған дейін Бекбаева Шоқан туралы жаңа фильм экранға қашан шығатыны туралы айтқан.
Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (1835–1865) – ұлы қазақ ғалымы, зерттеуші, саяхатшы, тарихшы және этнограф. Ірі тұлғаның өмірбаяны туралы фильмдер 1984 және 1957 жылдары түсірілген.