Шығынға батқан «ШалқияЦинк» басшылығы 95 млн теңге алған

2025 жылы 11,7 млрд теңге шығынға батқан «ШалқияЦинк» компаниясы топ-менеджерлеріне 95,6 млн теңге сыйақы төлеген. Бұл туралы компанияның Қазақстан қор биржасына жолдаған хабарламасында жазылған.
Бұл қаржыға компания басшысының былтыр алған жалақылары мен бонустары кіреді. Ресми сайтта компанияның бас директоры қызметін Асқар Тлеулин атқаратыны көрсетілген.
«ШалқияЦинк Лтд» АҚ – «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнын игерумен айналысатын тау-кен компаниясы. Кен орны Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында, Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 120 шақырым жерде орналасқан.
Компания «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен өндіру компаниясы» АҚ-ның еншілес ұйымы («Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының құрамында).
«Шалқия» – әлемдегі ең ірі мырыш кен орындарының бірі. Ондағы кен қоры 120 миллион тоннадан асып, әлемдік мырыш қорының шамамен 30%-ын құрайды.
Бұл компания үкімет жекешелендіру жоспарына енгізіп, 2027 жылға дейін сату көзделіп отыр.
Соңғы жылдары компания шығыны артып отыр. 2024 жылғы шығыны 5,2 млрд теңге болса, 2025 жылы 11,7 млрд теңгеге жеткен.
Аудиторлар компанияның жұмыс істеуін жалғастыруына белгілі бір қауіп бар екенін ескерткен. Себебі өндіріс толық іске қосылмаған, ал келісімшарт бойынша бірқатар міндеттемелер орындалуға тиіс. Бірақ компания басшылығы мен акционер бұл жобаны жалғастыруға ниетті екенін айтып отыр.