Ұлдана Мырзуан ісі: сотталушы әйелге нәбәрі бір ай бұрын айып тағылған

Астанада Ұлдана Мырзуанның қазасынан кейін қозғалған іс бойынша сот өтіп жатыр. Сотталушы – қасбеті құлаған тұрғын үйде мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Сәуле Жұбаниязова.
Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың 18 қарашасы қайтыс болды. Ал тұрғын үйдегі апат сол жылы 8 қарашада болған. Алайда Жұбаниязованың адвокатының айтуынша, қылмыстық іс аясында әйел 2026 жылдың 20 шілдесінде күдікті деп танылған. Яғни, апат болғаннан 8 ай өткенде айып тағылған.
Судьяға қарсылық білдірді
Екінші сот отырысына сотталушы Сәуле Жұбаниязованың тағы бір адвокаты қосылды. Адвокат қылмыстық іс материалдарымен танысу үшін соттан қосымша уақыт сұрады. Алайда істі қарап жатқан судья Меруерт Абаева бұған дейін де сотталушының басқа адвокаты қосымша уақыт сұрағанын еске салып, өтінішін қабылдамады. Содан кейін іске жаңадан қосылған адвокат төрағалық етуші судьяға қарсылық білдірді.
Заң талаптарына сәйкес, сотқа қатысып отырғандардың бірі судьяға қарсылық білдірсе, ол өтінішхатты басқа судья қарап, шешім шығаруға тиіс. Сол үшін сот залында үзіліс жарияланды.
Ұлдана Мырзуан ісі
Фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасынан кейін қозғалған іс бойынша сот 18 тамызда басталды. Сәуле Жұбаниязова қылмыстық кодекстің 254-бабы (міндеттеріне адал қарамау) бойынша айыпталып отыр.
Ұлдана Мырзуанның заңды күйеуі Әділет Зейнелнің адвокаты сот барысында «жәбірленуші» статусынан бас тартатынын мәлімдеді. Алайда істі қарап жатқан судья бұл өтінішхатты қабылдамады.