Ұлдана Мырзуанның үстіне кірпіш құлаған үй әлі жөндеуден өтпеген – видео  

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Іске қатысты сот басталды/фото: Айгерім Таубай

Астанада Ұлдана Мырзуанның қазасынан кейін қозғалған іс бойынша сот өтіп жатыр. Фельдшер келіншектің қайтыс болғанына тоғыз айға жуық уақыт өтті. KursivMedia қасбеті опырылып түскен тұрғын үйдің қазіргі жағдайын көріп қайтты.

Қайғылы жағдай болған үй Тәуелсіздік, 24Б мекенжайында орналасқан. Көпқабатты үй 2004 жылы салынған. Содан кейін 2017 жылы тексеруден өткен. 

Екі нысан ортасында адам жүруге болатын жер болған. Сол арқылы тұрғындар үйдің екінші жағындағы дүкенге барған. 2025 жылдың 8 қарашасында үш адам сол жолмен жүрген кезде кірпіш құлаған. Оқиға орнына жедел жәрдем көлігімен Ұлдана Мырзуан мен Ділназ Байзақова барған. 

фото: Айгерім Таубай

Кірпіштен салынған үйдің опырылып түскен қасбетінің орны пенопласпен қапталған. Үй тұрғындары тоғыз айдан бері ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмегеніне наразы. 

фото: Айгерім Таубай

Дәл қазір екі нысан ортасындағы жолды бір жағынан қаңылтырмен жауып тастаған. Ал кірпіш құлаған жердегі қаңылтыр мен басқа да заттар тазартылмаған. 

фото: Айгерім Таубай

Одан бөлек тұрғындар тұрғын үйдің қасбеті құлаған бөлігіне жөндеу жұмыстары жүргізілмей отырғанына наразы. Олардың сөзінше, қазірге дейін бірнеше рет қала әкімдігіне базынасын айтқан.

«Құлаған кірпіштің орнын сары көпірікпен қаптай салды. Орнына кірпіш қалаған жоқ», – дейді Бибігүл есімді тұрғын.

Лилия есімді тұрғын қай мекемеден көмек сұрау қажет екенін білмейтінін жеткізді.

Kursiv.Media Астана әкімдігінің тұрғын үй басқармасына хабарласып, қасбеті құлаған тұрғын үйге қатысты жағдайды білді. Тұрғын үй инспекциясының бас маманы Сапар Әділханның сөзінше, тұрғын үйді тұрғындар өз қаражатына жөндетуі қажет. 

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, үйдің қасбеті кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне жатады. Тұрғындар ортақ мүлікті күтіп-ұстау бойынша міндеттерді өздері атқарады», – деп жауап берді Әділхан.

Айта кетейік, Астанада Ұлдана Мырзуан ісі бойынша сот процесі басталды. Марқұмның күйеуі жәбірленуші статусынан бас тартатынын айтты. Істі қарап жатқан судья Меруерт Абаева Зейнелден не себепті мұндай шешімге келгенін сұрады. Зейнелдің сөзінше, 2026 жылдың 13 тамызы үйленіп, жаңа өмір бастаған.

Сондай-ақ оқыңыз