Кәріз құдығына түсіп, есінен танып қалған екі жұмысшыны полицейлер алып шықты

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде полицей өз өмірін қатерге тігіп, екі жұмысшыны құтқарды.
Polisia.kz хабарлауынша, «Молодежный» КМК-нің екі қызметкері Қасым Қайсенов кентіндегі №11 үйдің маңында кәріз құбырларын тазалау жұмыстарын жүргізген.
Жұмыс барысында ер адамдардың бірі кәріз құдығына түсіп, есінен танып қалған. Әріптесіне көмектеспек болған екінші жұмысшы да артынан түсіп, ол да есінен айырылған.
Оқиғаны Ұлан ауданының криминалисі Асет Нағашбаев байқап қалған. Ол сол маңнан өтіп бара жатып, кәріз құдығы жанындағы адамдардың айқайын естіп, дереу учаскелік полиция инспекторына хабар берген.
Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторы Нұрдәулет Тетепов жеткен. Әр секундтың маңызды екенін түсінген ол кідірместен арқан сұратып алып, оны бекітіп, кәріз құдығына түскен. Өз өміріне төнген қауіпке қарамастан, полицей әрекетін тоқтатпады. Ол санаулы минут ішінде алдымен бір жұмысшыны, кейін екіншісін шығаруға көмектескен. Одан соң екі азамат жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.
Айта кететін жайт, СҚО-да демалыста жүрген полицей суға батып бара жатқан екі адамды құтқарып алған еді.