Магистратура грантын иеленгендер тізімі қашан жарияланады

2026-2027 оқу жылына арналған магистратураның мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті. Жақын күндері нәтижесі жарияланады деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Конкурсқа 23 мың үміткер қатысқан, ол бір жыл бұрынғыға қарағанда 3 мың адамға көп. Мемлекет тарапынан бөлінгені – 11 007 грант. Талапкерлер арасында «Педагогикалық ғылым», «Ақпараттық-коммуникациялық технология», сондай-ақ «Инженерлік, өнеркәсіп, құрылыс саласы» деген сала мамандықтары сұранысқа ие болды.
Грант игерлерінің есімі 25 тамызға дейін белгілі болады. Конкурс нәтижесі ғылым министрлігінің ресми сайтында, Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жарияланады.
Нәтижелер жарияланғаннан кейін болашақ магистранттарға оқуға түсу үшін бірнеше күн беріледі. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына қабылдау 2026 жылғы 28 тамызға дейін жүргізіледі.
Еске салайық, 7 тамызда ЖОО-да оқуға бөлінген мемлекеттік білім беру гранттары иегерлерінің ресми тізімін жарияланды. Биыл мемлекет бакалавриат бойынша 75 371 мемлекеттік грант, ал докторантураға 3 079 грант бөлген.
Оқи отырыңыз: Грант иегерлері қандай университеттерді таңдады: ТОП-20 оқу орны