Министрлік Маңғыстаудағы қытайлық кәсіпкерге тиесілі мұнай орнын тексеріп жатыр

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
мұнай кәсіпорны Атырау
фото: energynow.com

Маңғыстау облысындағы Төтенше жағдайлар департаменті «Tenge Oil&Gas» серіктестігіне қарасты қауіпті өндірістік нысандарда жоспардан тыс тексеру бастады.

Тексерістің мақсаты – бұған дейін инспекция кезінде анықталған кемшіліктер мен ескертулердің қаншалықты жойылғанын қадағалау. Қазір мамандар компания ұсынған құжаттар мен есептердің іс жүзіндегі жағдайға қаншалықты сәйкес келетінін мұқият зерттеп жатыр. Сонымен қатар мекеме басшылығының өндірістегі қауіпсіздік талаптарын қаншалықты сапалы орындағаны да жан-жақты тексерілуде.

Егер компания бұған дейін анықталған заңбұзушылықтарды жоймағаны белгілі болса, кінәлі тарапқа заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қолданылады деп ескертеді департаменттен.

«Tenge Oil&Gas» кәсіпорны Маңғыстаудағы Теңге мұнай-газ конденсат кен орнында жұмыс істеп жатыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, Теңгедегі мұнай-газ қоры алдағы 24 жылға жетеді.

2010 жылдары «Tenge Oil&Gas» қазақстандық миллиардер Тимур Қуанышевқа тиесілі еді. Ол Теңге мен Оңтүстік Маңғышлақтағы кен орындарын TNG Holding арқылы басқаратын. Қазір бұл компанияның құрылтайшылары өзгерген. Adata-дағы мәліметтерге сүйенсек, екі құрылтайшысы бар. Бірі – Цзян Куйфэнге тиесілі CASPIAN INNOVATOR LIMITED атты жеке компания. Куйфэн Алматы мен Ақтауда тіркелген, мұнай-газ секторына қатысты бар бірнеше қазақстандық компанияның директоры. Екінші құрылтайшы – Қазақстан мен Қытай арасында құрылған CHINA RISING ENERGY INTERNATIONAL KAZAKHSTAN компаниясы.

Кәсіпорын жұмыс істеген он жыл ішінде елге 35 млрд теңге салық төлеген. Ең көп салық төлеген жылдары 2018-2021 жылдары аралығы, орта есеппен қазынаға 5 млрд теңге көлемінде құйған.


Сондай-ақ оқыңыз