Оңтүстік Кореяға заңды түрде жұмысқа қалай баруға болады

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Оңтүстік Кореяға қалай жұмысқа орналасуға болады?
Оңтүстік Кореяға қалай жұмысқа орналасуға болады? /фото: Unsplash

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Оңтүстік Кореяда Employment Permit System арқылы жұмыс істегісі келетін қазақстандықтарға қандай талаптар қойылатынын түсіндіріп берді.

Кандидаттарды іріктеу қалай өтеді?

Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасқысы келетін үміткерлерді практикалық іріктеу Алматы қаласында EPS орталығы ашылғаннан кейін басталады. Орталықта үміткерлер корей тілін білу деңгейін тексеретін EPS-TOPIK тестінен өтеді, кәсіби біліктілігі бағаланады және елге барар алдындағы міндетті дайындықтан өтеді.

Іріктеу барысында үміткердің білімі, жұмыс тәжірибесі және кәсіби сертификаттары ескеріледі. Сонымен қатар іріктеу балдық жүйе бойынша жүргізіледі.

«Іріктеу балдық жүйе бойынша өтеді. Оған 18 бен 39 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Үміткердің сотталмаған болуы, Оңтүстік Кореядан депортацияланбаған немесе елге кіруіне тыйым салынбаған болуы маңызды. Сондай-ақ Қазақстаннан сыртқа шығуына ешқандай шектеу қойылмауы қажет», – деп нақтылады Еңбек министрлігі.

Қажетті кезеңдерден сүрінбей өткендер ресми үміткерлер тізіміне енгізіледі. Бұл үшін қолданыстағы паспорт пен медициналық тексеруден өту талап етіледі.

Үміткердің жеке парақшасында оның білімі, жұмыс тәжірибесі, сертификаттары, тестілеу нәтижелері және жұмысқа орналасу бойынша қалаулары көрсетіледі. Кореялық жұмыс берушілер жұмысшыларды осы іріктеуден өткендердің қатарынан таңдайды.

Ведомство емтиханнан өту және ресми тізімге ену жұмысқа автоматты түрде орналасу дегенді білдірмейтінін ескертті. Түпкілікті шешімді тіркелген үміткерлердің арасынан корейлік жұмыс берушінің өзі қабылдайды.

Қазақстандықтарды EPS бағдарламасы бойынша жұмысқа орналастыру Оңтүстік Корея тарапы белгілеген квоталарды ескере отырып жүзеге асырылады.

Жұмыс беруші үміткерді таңдағаннан кейін оған еңбек шартын жолдайды. Қол қоймас бұрын жұмысшыға еңбек жағдайлары, атап айтқанда лауазымдық міндеттері мен жұмыс кестесі егжей-тегжейлі түсіндірілуі тиіс. Шартқа қол қойылғаннан кейін жұмысшы оның түпнұсқасын алады.

Келесі міндетті кезең – Алматыдағы EPS орталығында елге барар алдындағы дайындықтан өту. Содан кейін жұмыс визасы ресімделіп, жұмыс орнына жол жүреді.

Қанша жыл жұмыс істеуге болады?

EPS бағдарламасы аясында Оңтүстік Кореяда жұмыс істеу мерзімі үш жылға дейін созылуы мүмкін. Қажет жағдайда оны тағы бір жыл он айға дейін ұзартуға болады. Белгіленген мерзімді толық жұмыс істеп шығып, Қазақстанға өз еркімен оралған азаматтар үшін Кореяға қайта баруға барынша қолайлы жағдайлар қарастырылған.

Сондай-ақ Еңбекмині қазақстандықтарды жекеменшік делдалдарға сеніп қалу қаупінен ескертті. Ведомство азаматтарды тек мемлекеттік органдар мен уәкілетті ұйымдардың ресми ақпаратын ғана пайдалануға шақырады. «Жұмысқа кепілдік береміз», «іріктеуден тез өткіземіз» немесе «белгіленген тәртіптен тыс тізімге енгіземіз» деп уәде беретін тұлғаларға құжат пен ақша бермеуді ескертеді.

Ешқандай делдал жұмыс орнын алатынына кепілдік бере алмайды, өйткені түпкілікті шешімді корейлік жұмыс беруші қабылдайды.

Бұған дейін қазақстандықтар үшін Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істеу мүмкіндігі 2028 жылдан бастап қолжетімді болатынын хабарлаған едік.

Сондай-ақ оқыңыз