Қазақстанда жаңа көліктердің арзандауы жалғаса ма – сарапшы жауабы

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Жаңа көліктердің бағасы арзандай ма?
Жаңа көліктердің бағасы арзандай ма? / фото: shutterstock

Қазақстанда жаңа көліктердің бағасы шілде айында 1 пайызға, бір жылда 12,2 пайызға арзандады.

AutoReport мәліметінше, 2024 және 2025 жылдары Қазақстанда автокөлік бағасының өскені байқалғанымен, 2025 жылдың соңына қарай жағдай өзгеріп, 2026 жылы бағаның түсу үрдісі байқалды. Отандық және шетелден әкелінген жаңа көліктердің де бағасы арзандай бастады.

Алайда бағаның төмендеуінің де өз шегі бар. Бұл туралы Автомобиль нарығын мониторингтеу және талдау агенттігінің директоры Артур Мискарян мәлімдеді.

«Бағаның әрі қарай арзандауы енді екіталай, өйткені қазір дилерлердің басым бөлігі өз экономикасының шегінде жұмыс істеп жатыр», – деді сарапшы өз пікірінде.

Айта кетейік, шілде айының қорытындысы бойынша Қазақстанда жаңа көліктердің бағасы бір айда 1%-ға, ал жыл басынан бері бірден 12,2%-ға арзандаған. Көлік құнының түсуі қатарынан 10 ай бойы жалғасып келеді.

Дегенмен, сарапшы бағаның құлауы тоқтағанымен, бұл қазақстандықтардың жаңа көлік сатып алуына айтарлықтай кедергі бола қоймайтынын атап өтті.

«Жыл соңына дейін отандық автонарықта жаңа брендтер мен модельдер пайда болады, сондай-ақ жеке тұлғаларға арналған лизинг жүйесі қайта іске қосылады», – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін көлік лизингі үшін қандай шекті мөлшерлемелер белгіленетіні белгілі болған еді. Жобаға сәйкес, олар көліктің құнына байланысты жылдық 36%-дан 46%-ға дейін ауытқиды.

Бұдан бөлек, осыған дейін сарапшылар Қазақстанда автонесиеге деген сұраныстың бәсеңдегенін тіркеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз