Қазақстаннан екі есе арзан: жаңартылған Toyota Camry Қытайда сатыла бастады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Жаңартылған Toyota Camry Қытайда 9 млн теңгеден сатыла бастады /Фото: autohome.com.cn

Toyota 2027 жылғы жаңартылған Camry моделінің бағасын жариялап, Қытайда тапсырыс қабылдауды бастады. Седанның интерьері жаңартылып, стандартты жабдықтар тізімі кеңейтілген. Сонымен қатар жайлылыққа арналған жаңа қосымша мүмкіндіктер қосылды.

Camry-дің жабдықталуы жаңарды

Фото: autohome.com.cn

Көліктің сыртқы дизайнында 2025 және 2026 модельдік жылдардағы нұсқалардан айтарлықтай айырмашылық жоқ.

Десе де жабдықталу деңгейлері де жаңарған. Алдыңғы орындықтар енді жылыту және желдету функцияларымен қатар, массаж жасау мүмкіндігіне де ие болды. Кейбір жинақтамаларда артқы орындықтарды желдету функциясы да пайда болған. Опциялар тізіміне 14 динамигі бар неғұрлым жетілдірілген JBL аудиожүйесі қосылды. Артқы орындық арқалығын электрлі реттеу функциясы бар нұсқалардың қатары кеңейтіліп, планшеттерді қосуға арналған Xiaomi экожүйесінің порттары қарастырылған.

Фото: autohome.com.cn

Camry қосалқы дөңгелексіз сатылатын болды

Ал Қытайдағы Camry көлігінің болашақ иелері үшін жағымсыз жаңалық жүксалғыштағы қосалқы дөңгелек алынып тасталды. Оның орнына шағын органайзер қойылған.

Фото: autohome.com.cn

Қозғалтқыштар өзгеріссіз қалды

Қозғалтқыштар қатарында өзгеріс жоқ. Седан 173 ат күшін беретін, вариатормен жұптасқан 2 литрлік бензин қозғалтқышымен, сондай-ақ 2.0 және 2.5 литрлік қозғалтқыштар негізіндегі өздігінен қуатталатын гибридті жүйелермен ұсынылады. Олардың жиынтық қуаты тиісінше 197 және 230 ат күшін құрайды.

Қытайдағы Camry Қазақстаннан екі есе арзан

Қытайдағы жаңартылған Camry бағасы 171 800-ден 259 800 юаньға дейін, яғни шамамен 11,7 млн-нан 17,7 млн теңгеге дейін. Алайда сатылым басталған тұста сатып алушыларға 40 000 юаньға дейін жеңілдік ұсынылады. Соның арқасында модельдің бастапқы бағасы шамамен 9 млн теңгеге дейін төмендейді. Салыстыру үшін, Қазақстанда Camry бағасы 18,7–26,2 млн теңге аралығында.

Сондай-ақ оқыңыз