Қазақстанның ірі компаниялары жарты жылда қанша пайда тапты

Қазақстанның ірі жария компаниялары 2026 жылдың алғашқы алты айын әртүрлі нәтижемен аяқтады. Бірқатар компания таза табысын айтарлықтай арттырса, кейбірінің пайдасы қысқарды. Ал Air Astana былтырғы пайдадан биыл шығынға өтті.
Таза табыс көлемі бойынша көш басында ҚазМұнайГаз тұр. Ұлттық компания қаңтар–маусымда 904 млрд теңге таза пайда тапты. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі 534 млрд теңгеден 69,1%-ға көп.
Қазақстанның ірі компаниялары қанша пайда тапты?
Екінші орында Kaspi.kz – 510,8 млрд теңге. Компанияның таза табысы бір жыл бұрынғы 512,7 млрд теңгемен салыстырғанда 0,4%-ға төмендеді. Halyk Bank 447,6 млрд теңге пайда тапты. Былтыр банк 528,6 млрд теңге табыс тапқан еді, яғни көрсеткіш 15,3%-ға қысқарды.
Қазатомөнеркәсіптің таза табысы 263,2 млрд теңгеден 240,4 млрд теңгеге азайып, жылдық төмендеу 8,7% болды. Банк ЦентрКредиттің пайдасы да 15,9%-ға кеміп, 123,1 млрд теңгені құрады.
Ал KEGOC жартыжылдықтағы таза табысын 59,4%-ға, 54,6 млрд теңгеге дейін арттырды. Kcell де өсім көрсетті: компанияның пайдасы 5,6 млрд теңгеден 7,9 млрд теңгеге жетіп, 40,5%-ға көбейді.
Freedom Holding-тің күнтізбелік қаңтар–маусым кезеңіндегі нәтижесі шамамен 19,1 млрд теңге пайдаға тең. Бір жыл бұрын осы кезеңде компания шығын көрсеткен. Freedom-ның қаржы жылы 31 наурызда аяқталатындықтан, бұл көрсеткіш тоқсандық есептер негізінде есептелген.
Ал Air Astana 2026 жылдың алғашқы жартысын 10,4 млрд теңге шығынмен аяқтады. Бір жыл бұрын компания осы кезеңде шамамен $10,7 млн таза пайда тапқан. Есептік тұрғыдан нәтиже 298,5%-ға нашарлаған.
Осылайша, қарастырылған компаниялардың ішінде таза табыстың ең жоғары өсімі ҚазМұнайГазда байқалды. KEGOC пен Kcell де пайданы едәуір арттырса, Halyk Bank, Банк ЦентрКредит және Қазатомөнеркәсіпте керісінше төмендеу тіркелді.