Таксист Geely Emgrand-тың 20 мың шақырымнан кейінгі жағдайын көрсетті

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Emgrand, Geely, Geely Emgrand, такси, Яндекс Такси
Таксист көліктің артықшылығы мен кемшілігін айтты / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Астаналық таксист әрі автоблогер Демежан Карменов Geely Emgrand көлігімен 20 мың шақырымға жуық жол жүріп, көлікті дилерде екі рет техникалық қызметтен өткізген. Сонымен қатар көлік жол-көлік оқиғасына да түскен. Ол өз тәжірибесі арқылы седанның шығыны, қызмет көрсету құны және алғашқы ақаулары туралы айтып берді.

Карменов Hyundai Accent көлігінен кейін жаңа Geely Emgrand-ты 9,6 млн теңгеге сатып алған. Таксиге жұмыс істеу үшін ол 1,5 литрлік атмосфералық қозғалтқышы мен автоматты беріліс қорабы бар нұсқаны таңдаған.

20 мың шақырымға жуық жолдан кейін елеулі ақаулар болмаған. Ол күніне 10–12 сағат көлік жүргізіп, Астана ішінде және қала сыртында жолаушылар тасымалдайды.

Отын шығыны қанша

Карменовтың айтуынша, қала ішінде Geely Emgrand 100 шақырымға шамамен 10–10,3 литр жанармай жұмсайды.

Ал тасжолда:

  • 120 км/сағ жылдамдықта – шамамен 6,5–7 л;
  • 140 км/сағ жылдамдықта – 8–8,5 л.

Бұл көрсеткіштер оның такси режиміндегі жеке тәжірибесіне негізделген.

Жүргізушіге көліктің қандай тұстары ұнады

Фото: youtube.com/@Demavtaxi

Таксистің айтуынша, «Эмграндтың» басты артықшылықтарының бірі – кең салоны. Алдыңғы орындықты барынша артқа ысырып қойғанның өзінде, артқы қатардағы жолаушыларға жеткілікті орын қалады. Бұл әсіресе «Комфорт+» тарифімен жұмыс істейтін жүргізуші үшін маңызды.

Сонымен қатар ол жүргізуші орындығының ыңғайлылығын, аспасының жайлылығын және клиренсінің жеткілікті биік екенін атап өтті.

Күнделікті қолданыста ұнайтын ұсақ-түйекке де мән берген. Мысалы, жүксалғыштағы тұтқа мен артқы қатардағы телефон қуаттауға арналған қосқыш жүргізушіге қолайлы болған.

Алайда салонның кей бөліктері тез кірлейді. Сондықтан көлік иесі тез бүлінетін жерлерді арнайы қорғаныш пленкамен қаптауды ұсынады.

20 мың шақырымнан кейін қандай ақаулар пайда болды

Негізгі мәселе автоматты беріліс қорабына қатысты. Бірінші берілістен екіншісіне ауысқанда кейде көлік жұлқиды. Сондай-ақ баяулағаннан кейін қайта үдеген кезде қораптың жеңіл соққы беруі байқалады.

Бағдарламалық жасақтаманы жаңартқаннан кейін бұл мәселе сирегенімен, толықтай жойылмаған.

Тағы бір қолайсыздық – көлік кейде кілтті танымай қалып, дыбыстық белгі бере бастайды.

Дилердегі техникалық қызмет қанша тұрады

Ресми дилердегі қызмет көрсету де арзан емес.

  • 10 мың шақырымдағы ТО-1 – шамамен 67 мың теңге;
  • ТО-2 – шамамен 97 мың теңге.

Жүргізуші көлікті кепілдікке байланысты ресми дилерде қызмет көрсетуді жалғастырып отыр. Кепілдік мерзімі – 6 жыл немесе 180 мың шақырым.

КАСКО болмаса, жол апаты қымбатқа түсер еді…

Geely Emgrand көлігін пайдалану кезінде жүргізуші жол апатына түскен. Ресми дилердегі көлікті қалпына келтіру құны 2,1 млн теңгеге бағаланған.

Жөндеу кезінде фара, капот, бампер және радиатор торы ауыстырылып, көліктің бір бөлігіне бояу жұмыстары жүргізілген. Жөндеу шығынын толықтай КАСКО сақтандыруы өтеген.

Жалпы, 20 мың шақырымға жуық жүргеннен кейін таксист көліктен елеулі техникалық ақау байқамағанын айтады. Оның сөзінше, қазіргі бағаларды ескерсек, таксиде жұмыс істеу үшін Geely Emgrand-ты тағы да қарастырар еді.

Тағы да оқыңыз: Geely бренді үш жылда Қазақстанда 21,5 мың көлік сатты.

Сондай-ақ оқыңыз