23 тамыз құрылтай сайлауы: одан кейін не болады

Жарияланды
Қазақ редакциясының шеф-редакторы
Құрылтай
Жексенбі – құрылтай сайлауы: одан кейін не болады/фото: Асқар Ахметуллин

23 тамыз күні құрылтай сайлауы өтеді. Соның негізінде атауы, сайлану тәртібі өзгерген, палата саны қысқарған парламент жасақталып, елдің жаңа саяси өмірі басталады. Kursiv.Media саяси дода қарсаңында алда болатын маңызды өзгерістерге тоқталды.

Жаңа конституциядан басталған өзгерістер

Саяси өзгерістердің басында 2026 жылғы 15 наурызда ұлттық референдум арқылы қабылданған жаңа конституция тұр. Оған сай жоғары палата – сенат қысқартылып, парламент бірпалаталы болып өзгерді. Жаңа атау алды, енді ол – құрылтай деп аталады. Бұған дейін «құрылтай» сөзін көбіне төтенше жиындарға, арнайы шақырылатын мерзімді кеңестерге қатысты қолдансақ, енді ол заң шығарушы органның ресми атауына айналмақ.

Құрылтай қалай жасақталады

фото: Асқар Ахметуллин

Қазақстан заң шығарушы орган құрамын жасақтауда аралас жүйеден бас тартып, қайтадан партиялық жүйеге көшті. Енді бірмандаттық округтен түсетін кандидаттар болмайды. Партиялық тізім бойынша 145 депутат сайланады. Олардың өкілеттілік мерзімі – 5 жыл. Құрылтайға өту үшін сайлаушылар даусының кемі 5 пайызын жинау керек. 145 депутаттық мандат үшін жеті партиядан барлығы 545 кандидат бақ сынайды.

Бюллетеньдегі партиялардың кезектілігі жеребе арқылы айқындалған:

1. «Әділет» – 186 кандидат;

2. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 33 кандидат;

3. «Байтақ» Қазақстан жасылдар партиясы – 47 кандидат;

4. Қазақстан халық партиясы – 72 кандидат;

5. «Ауыл» партиясы – 69 кандидат;

6. Қазақстан Демократиялық «Ақ жол» партиясы – 63 кандидат;

7. «Respublica» партиясы – 75 кандидат;

Кандидаттардың арасында – 172 әйел және 373 ер адам, мүгедектігі бар 19 кандидат және 35 жасқа толмаған 74 кандидат бар; орташа жасы – 45,4 жас.

Сайлауды өткізуге үкімет резервінен 34,3 млрд теңге бөлінген.

Жаңа үкімет жасақталады

Конституцияның 69-бабы 1-тармағына сай, үкімет жаңадан сайланған құрылтай алдында өкілеттігін доғарып, министрлер кабинеті жаңадан жасақталады. Алдымен президент құрылтай қарауына премьер-министрінің кандидатурасын ұсынады. Депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен премьер-министрді тағайындайды. Егер құрылтай премьер-министрді тағайындауға келісім бермесе, президент құрылтайды таратуға құқылы. Премьер-министр тағайындалғаннан кейін, он күн ішінде үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы ұсыныс енгізеді. Президент құрылтаймен консультациядан кейін үкімет мүшелерін тағайындайды. Кадрлық ауыс-түйістер қала, облыс әкімдерін де қамтуы мүмкін.

үкімет үйі
фото: Асқар Ахметуллин

Вице-президент лауазымы пайда болады

Жаңа конституцияға сай, вице-президент лауазымы жаңғыртылады. Бірінші шақырылған құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде президент құрылтайдың келісімімен вице-президентті тағайындауға тиіс.

Вице-президентке өкілеттігі кезеңінде депутат болып сайлануға, ақы төленетін өзге де лауазымды атқаруға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ саяси партияда болуға тыйым салынады.

Президент өз еркімен орнынан түскен жағдайда, денсаулығына байланысты міндеттерін атқаруға қабілеті болмаған немесе қызметінен кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған кезде, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда президент өкілеттігі вице-президентке өтеді.

Ассамблеядан – Халық кеңесіне

Жаңа конституция бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының орнын Халық кеңесі органы басты. Жуырда президент Қанатбек Жайсанбаевты халық кеңесі төрағасының орынбасары – Қазақстан халық кеңесі хатшылығының басшысы етіп тағайындады.  Халық Кеңесі Хатшылығы – Қазақстан Халық Кеңесінің қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік орган. Кеңес құрамын президент бекітіп, бірінші сессиясын шақырады.

Органға мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары бойынша жалпыұлттық диалогты ұйымдастыру,  қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту міндеті жүктелген.

Халық кеңесі мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу, құрылтайға заң жобаларын енгізу, жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтеру сияқты өкілеттіктерге ие.

Қ.Тоқаев кезекті рет президент сайлауына түсуге құқылы

фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Жаңа конституция күшіне енгеннен кейін конституциялық сот лауазымды адамды тағайындау мен сайлау мәртебесі туралы нормаларға түсініктеме берген.

Ол жерде 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлану не лауазымға тағайындалу алғаш рет сайлану не тағайындалу деп есептелетіні айтылған.

«2026 жылғы Конституцияның 43-бабының 1-тармағын, 72-бабының 2 және 3-тармақтарын, 83-бабының 1-тармағын және 84-бабының 3-тармағын осы конституциялық нормаларда аталған лауазымдарды 1995 жылғы Конституцияға сәйкес атқарып жүрген адамдар 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы не лауазымға тағайындалуы мүмкін деп түсіну керек», – деп жазылған сот хабарламасында.

Яғни қазіргі президент Қ.Тоқаевтың кезекті президент сайлауына түсуіне құқықтық кедергі жоқ. Оның сайлауға түсуі конституцияның 43-бабы 1-тармағындағы «бір адам бір реттен артық Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлана алмайды» деген нормаға қайшы келмейді.

Сондай-ақ оқыңыз