ЖИ-ге қарсы наразылық: Hyundai-дың 40 мыңға жуық жұмысшысы ереуілге шықты

Оңтүстік Кореяда Hyundai Motor компаниясының 40 мыңға жуық жұмысшысы кейінгі 10 жылда алғаш рет жаппай ереуілге шықты. Олар жалақыны көтеруді талап етіп отыр.
21 тамызында басталған наразылыққа автомобиль зауыттарының таңғы және кешкі ауысымдағы шамамен 39 мың жұмысшысы қатысып жатыр. Ереуілге байланысты компанияның Ульсан, Чонджу және Асан қалаларындағы негізгі өндіріс желілері толықтай тоқтап қалды.
Reuters мәліметінше, жұмысшылар компания басшылығына бірнеше талап қойған. Олар:
- Жалақыны көтеру және сыйақыны 50%-ға көбейту;
- Жасанды интеллект пен автоматтандыру жүйесі енгізілуіне байланысты жұмыс орындарын сақтап қалу кепілдігі;
- Міндетті зейнет жасын қазіргі 60 жастан 65 жасқа дейін ұзарту;
- Заңсыз әрекеттері үшін бұрын жұмыстан шығарылған кәсіподақ мүшелерін қайтару.
Мәліметтерге қарағанда, шілде айында басталған ішінара наразылықтар мен ереуілдер салдарынан компания 55,2 мың автокөлікті дер кезінде өндіре алмай, 1,64 млрд доллар шығынға батқан.
Кәсіподақ өкілдері басшылықтан тиімді ұсыныс алмаса, ереуілді алдағы аптада да жалғастыруды жоспарлап отыр.
Hyundai-дағы наразылық ұзаққа созылып кетсе, оның әсері автомобиль бағасына да әсер етуі әбден мүмкін.