Қарағанды облысында 13 жастағы бала суға батып бара жатқан бүлдіршінді құтқарып қалды

Қарағанды облысында 13 жастағы Нұралы Әлхан суда төңкеріліп кеткен үрлемелі матраста болған төрт жасар баланы ажалдан арашалап қалды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
Оқиға тамыз айының басында Бұқар жырау ауданындағы Сеңкібай көлінде орын алған. Қатты желдің салдарынан кішкентай бала отырған үрлемелі матрас аударылып, бүлдіршінді су соғып кеткен.
Осы сәтте жақын маңда жүрген Нұралы ойланбастан суға сүңгіп, баланы жағаға аман-есен алып шықты.
Жасөспірімнің бұл ерлігі әлеуметтік желілерде кеңінен тарағаннан кейін белгілі болды. Осыдан соң Қарағанды облыстық Полиция департаментінің бастығы Нығмет Исмағулов Нұралы мен оның анасын арнайы кездесуге шақырды.
«Мен Нұралының бұл әрекетін әлеуметтік желілерден көріп, оның батылдығына сүйсіндім. Қысылтаяң сәтте сасқалақтамай, өз басын қатерге тіге отырып, кішкентай баланың өмірін сақтап қалды. Мұндай ерлік шынайы құрметке лайық», – деді Исмағулов.
Жасөспірімнің анасы Самал Әбдірахманова алғашында ұлы үшін қатты қорыққанын, бірақ баланың аман қалғанын білгенде ұлымен шексіз мақтанғанын жеткізді.
Ал Нұралының өзі бұл әрекетті жасағанда ешқандай марапат туралы ойламағанын айтады.
«Бәрі кенеттен болды. Басында бала үрлемелі матраста жүзген, кейін жел соғып, матрас төңкеріліп, өзі суға түсіп кетті. Мен бірден оны құтқаруға ұмтылдым. Менің бауырларым бар, сондықтан дәл сол сәтте оның орнында өз бауырларымның бірі жүргендей елестеттім. Мен тек кішкентай баланың аман қалғанын қаладым», – деді жас батыр.
Көрсеткен батылдығы мен қайсарлығы үшін Нұралыға ІІМ бегісі бар қолсағат табыс етілді. Оның анасына алғыс хат беріліп, отбасындағы бауырларына да арнайы сыйлықтар тапсырылды.