Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы Құрылтай сайлауын тарихи оқиға деп атады

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
ТМПА Құрылтай сайлауын тарихи оқиға деп атады
ТМПА Құрылтай сайлауын тарихи оқиға деп атады

Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы (ТМПА) миссиясының басшысы, ТМПА-ның Құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясының төрағасы, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты Осман Местен Қазақстандағы Құрылтай сайлауының ұйымдастырылуы мен өткізілуіне жоғары баға берді.

«Бүгін – Қазақстан Республикасы үшін тарихи оқиға. Бүгін сіздермен бірге осында болғаныма өте қуаныштымын. Бұл – шынымен де тарихи кезең. Біз, Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы ретінде, сайлауды бақылау үшін Қазақстанға келдік», – деді Осман Местен Астанадағы Халықаралық байқаушылар мен шетелдік БАҚ өкілдеріне жәрдемдесу орталығында өткен брифингте.

Айтуынша, Қазақстан азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету үшін ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізген. Атап айтқанда, шетелде жүрген қазақстандықтар үшін 61 мемлекетте сайлау учаскелері ашылған.

«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы барлық азаматтарының таңдау жасау құқығын қамтамасыз етті. Барлық сайлау Конституцияға, конституциялық заңға және халықаралық стандарттарға сәйкес өтіп жатыр. Орталық сайлау комиссиясының бұл үшін барлық қажетті шараларды қабылдағанын көріп отырмыз», – деп атап өтті миссия басшысы.

Ол ТМПА өкілдерінің төрт байқаушылар тобының құрамында жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Сайлау учаскелері ашылған сәттен бастап олар Астана мен еліміздің өзге де қалаларындағы сайлау учаскелеріне барып, бақылау жүргізіп жатыр.

«Учаскелер ашылған кезде барлық талаптың сақталғанын және халықаралық стандарттарға сәйкес өткенін көрдік. Ең алдымен, Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды. Сонымен қатар сайлау комиссияларының мүшелері бұл уақытта учаскелерде жұмыс істеп, азаматтарға бюллетеньдерді толтыру кезінде ешқандай қысым көрсетпей, барлық қажетті жағдайды қамтамасыз етті. Қазіргі уақытта біздің делегаттарымыз, біздің делегациямыз мұның бәрін растады», – деді Осман Местен.

Сондай-ақ, миссия басшысы ТМПА өкілдерінің Қазақстандағы барлық саяси партиялардың басшыларымен кездесуге мүмкіндік алғанын айтты.

Оның сөзінше, Қазақстан соңғы жылдары елеулі саяси және құқықтық реформаларды жүзеге асырып келеді.

«Біздің ойымызша, Қазақстан, әсіресе соңғы уақытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен, тек саяси ғана емес, құқықтық тұрғыдан да өте ауқымды реформалар жүргізіп жатыр. Бұл – прогреске бастайтын, адам құқықтарын, азаматтардың құқықтарын, азаматтар мен мемлекеттің бірлігін басты орынға қоятын аса маңызды реформалар», – деді Осман Местен.

Миссия басшысы жаңа Парламенттегі әйелдер өкілдігінің артқанын да жеке атап өтті.

«Парламенттегі әйелдердің өкілдігін арттыру бағытында өте маңызды қадам жасалды. Құрылтайда кемінде 30 пайыздық квота қарастырылған, алайда партиялық тізімдер бойынша бұл көрсеткіш асып түсіп, 44 пайызды құрады. Менің ойымша, бұл – өте маңызды көрсеткіш», – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ оқыңыз