Алматыда тұрғын үйдегі өрттен бір қыз қаза тауып, төрт адам ауруханаға түсті

Жарияланды
Күндізгі жаңалықтар редакторы
/ Фото: ТЖМ

Алматы қаласының Алмалы ауданындағы Әди Шәріпов көшесінде орналасқан 13 қабатты Lamiya тұрғын үй кешенінде болған өрттен бір қыз қаза тапты. Тағы төрт адам ауруханаға жеткізілді. Өрт ғимараттың кабельдік шахтасынан басталып, екі подъездегі жетінші қабаттан 13-қабатқа дейін тараған, деп жазады Kursiv.Media.

Өрт туралы хабарлама «101» пультіне кеше сағат 22:49-да түскен. Құтқарушылар шақырту түскеннен кейін бес минут ішінде оқиға орнына жетті. Өрттің күрделілігіне байланысты бөлімшелер жоғары шақыру деңгейі бойынша жұмыс істеді.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт техникалық бөлмедегі кабельдерден басталған. Кейін жалын екі подъездегі жетінші қабаттан 13-қабатқа дейінгі электр қалқандарына тараған.

Газ-түтіннен қорғау қызметінің арнайы буындары ғимараттағы адамдарды эвакуациялап, құтқару жұмыстарын жүргізді. Өрттің нақты ошағын анықтау үшін мамандар жылу түсіргіштерді пайдаланған.

Өрт сағат 23:57-де оқшауланып, 00:14-те толық сөндірілді. Оған шамамен 90 құтқарушы мен 25 арнайы техника жұмылдырылды.

Ғимараттан 148 адам, оның ішінде тоғыз бала эвакуацияланды. Құтқарушылар бір қызды ес-түссіз күйде тапқан. Дәрігерлер оны аман алып қалуға тырысқанымен, реанимациялық шаралар нәтиже бермеді. Алдын ала мәлімет бойынша, ол түтінге уланып қаза болуы мүмкін.

Өртке қатысты қылмыстық істі қалалық Төтенше жағдайлар департаменті қозғады.

Сонымен қатар ғимарат бұған дейін тексерілгені белгілі болды. Тексеру барысында өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғаны анықталып, оларды жою туралы нұсқама берілген. Алайда жауапты тұлғалар тиісті шара қабылдамаған.

Қазір өрттің шығу себептері мен мән-жайларын анықтау үшін Алматының зерттеу сынақ өрт зертханасында сараптама тағайындалды.

Сондай-ақ оқыңыз