Ермұхамет Ертісбаев саясаттан кететінін мәлімдеді

Қазақстанның Халық партиясының бұрынғы төрағасы Ермұхамет Ертісбаев саясаттан кететінін мәлімдеді.
Ол енді халықаралық сараптамаға, тарих пен саясаттануға және ағартушылық қызметке көңіл бөлмек.
Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі видеоүндеуінде айтты.
«Бүгін мен өзімнің жеке шешімім туралы айтқым келеді. Мен белсенді саясаттан кетемін. Саяси өмірбаянымдағы бұл кезең аяқталды деп есептеймін», – деді ол.
Ол қазақстандық социализм идеясы күткендей қолдау таппағанын мойындады. Сондай-ақ партия бұл идеяны қоғамға жеткілікті деңгейде түсіндіре алмаған болуы мүмкін екенін немесе қоғамның әзірге мұндай күн тәртібін қабылдауға дайын еместігін айтты.
ОСК-ның алдын ала мәліметі бойынша, ҚХП сайлаушылардың 3,11 пайыз дауысын жинап, бес пайыздық межеден өте алмаған.
Ертісбаев – саясаткер, дипломат және саясаттанушы. Ол бұған дейін президенттің кеңесшісі, министр, елші және ҚХП төрағасы қызметтерін атқарған.
Мұның алдында Ермұхамет Ертісбаев әлеуметтік желідегі арнасы арқылы бірқатар қоғамдағы тұлғаларға қарсы ақпараттық соғыс ашқан еді. Нысанаға алынғандардың арасында саясаттанушы Досым Сәтпаев, депутат Абзал Құспан мен Еркін Әбіл де бар.