«Медеу» мұз айдыны маңындағы автотұрақтың құны өзгерді

Жарияланды
Күндізгі жаңалықтар редакторы
«Медеу» биік таулы мұз айдыны маңындағы автотұрақтың тарифі өзгерді/Фото: Shutterstock

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің араласуынан кейін «Медеу» биік таулы мұз айдыны маңындағы автотұрақтың тарифі өзгерді. 1 қыркүйектен бастап алғашқы 15 минут тегін болады, ал көлікті тәулігіне қою құны 4500 теңгеден аспайды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Қазақстанның Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Chimbulak Development» ЖШС-ға монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілерінің болуы туралы хабарлама жолдады.

Агенттік жүргізген тексеру барысында компанияның «Медеу» маңындағы ақылы автотұрақта көліктің тұрақта тұру уақытына қарамастан сағатына 500 теңге бірыңғай тариф белгілегені анықталған. Сонымен қатар жүргізушілер үшін кепілдендірілген тегін тұрақ уақыты қарастырылмаған.

Бұған дейін осы тариф бойынша көлігін 12 сағатқа қойған азаматтар 6000 теңге, ал 24 сағатқа қалдырғандар 12 мың теңге төлеген.

Департамент қаладағы ірі нысандар маңындағы басқа автотұрақтардың жұмыс шарттарын да талдаған. Олардың көпшілігінде тариф көліктің тұрған уақытына қарай сараланады және 15 минуттық тегін тұрақтау кезеңі қарастырылған.

Агенттік мұндай жағдай Медеу мен Шымбұлаққа келген азаматтарға, соның ішінде төмен түскен адамдарды көлікпен күтіп отырған жүргізушілерге қолайсыздық туғызғанын атап өтті.

Қазіргі уақытта «Chimbulak Development» ЖШС агенттік хабарламасын орындап, анықталған бұзушылықтарды жойған.1 қыркүйектен бастап «Медеу» маңындағы автотұрақта 15 минут тегін тұруға болады. Ал көлікті тәулігіне қоюдың ең жоғары құны 4500 теңгемен шектеледі.

Еске салар кетер болсақ, Алматыда көпқабатты үй тұрғындары үйінен 500 метр радиустағы бір коммуналдық ақылы автотұрақты тегін пайдалана алады. Ол үшін «Алматы паркинг» сайты немесе eOtinish арқылы өтініш беру қажет.

Сондай-ақ оқыңыз