
24 тамыздан бастап Қазақстан қор биржасында (KASE) Өзбекстанның 2032 жылы өтелетін долларлық мемлекеттік еурооблигацияларымен сауда басталды.
Шығарылым көлемі – 600 млн доллар, купондық мөлшерлемесі – жылдық 6,9%. Бағалы қағаздарды Өзбекстанның Экономика және қаржы министрлігі шығарған. KASE-дегі сауда коды – UZ_05_3202.
Облигациялар 2024 жылғы 29 мамырда шығарылып, 2032 жылғы 28 ақпанда өтеледі. Купон инвесторларға жылына екі рет төленеді.
Айта кетейік, бұл Өзбекстанның бүгін жаңадан 600 млн доллар қарыз алып жатқаны емес. Бұрын шығарылған облигациялар енді KASE-дегі қайталама нарықта саудалана бастады.
Мұндағы 6,9% – облигацияның купондық мөлшерлемесі. Ал оның қазіргі нарықтық кірістілігі KASE-дегі сауда бағасына байланысты қалыптасады.
Бұған дейін биржада Өзбекстанның тағы алты халықаралық облигациясының саудасы ашылған. Жалпы KASE-де елдің доллар және еуромен белгіленген жеті мемлекеттік облигациясы қолжетімді болды.
Бұл қазақстандық инвесторларға портфельді шетелдік мемлекеттік бағалы қағаздар арқылы әртараптандыру мүмкіндігін кеңейтеді. Алайда инвестор валюта және Өзбекстанның кредиттік тәуекелдерін де ескеруге тиіс.