Қазақстан Қытайдан көлікке арналған оталдыру шамдарын әкелуге квота енгізді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Жылына 6 млн оталдыру шамын ғана әкелуге рұқсат / Фото: Shutterstock

Қазақстанда Қытайдан әкелінетін бензин қозғалтқыштарына арналған оталдыру шамдарын импорттауға квота белгіленді. Сауда және интеграция министрі 2026 жылғы 18 тамыздағы бұйрығымен квотаны сыртқы сауда қатысушылары арасында бөлу тәртібін бекітті, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Жылына 6 млн оталдыру шамын әкелуге рұқсат

Жылдық импорт квотасы 6 млн дана болып белгіленді. Оның:

  • 4,8 млн данасы (80%) – дистрибьюторлардан басқа сыртқы сауда қатысушыларына;
  • 1,2 млн данасы (20%) – дистрибьюторларға бөлінеді.

Бұл квота аясындағы тауарлар антидемпингтік баж салығын төлемей әкеліне алады.

Бір компания қанша тауар әкеле алады

Дистрибьютор болып табылмайтын әрбір сыртқы сауда қатысушысына жыл сайын бөлінетін квота көлемі жалпы лимиттің 10%-ынан аспауы керек.

Ал дистрибьюторлар үшін бұл шек 5%-дан аспайды.

Квота қалай бөлінеді

Кеден саласындағы уәкілетті орган әр тоқсан сайын Қытайдан әкелінген оталдыру шамдарының саны мен құны туралы ақпаратты Сауда және интеграция министрлігіне ұсынады.

Квота қолданылатын жылдың 1 қаңтарынан 31 желтоқсанына дейін уәкілетті орган импорттаушыларға белгіленген көлем шегінде лицензия береді. Сондай-ақ ай сайын квота бойынша қанша лицензия берілгені және қанша көлемнің бөлінбей қалғаны туралы ақпарат gov.kz сайтында жарияланып отырады.

Дистрибьюторлардың тізімі де жыл сайын жаңартылып, уәкілетті органға ұсынылады.

Сондай-ақ квота аясында сыртқы сауда қатысушылары әкелген тауарды Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше басқа мемлекеттердің аумағына қайта шығаруға болмайтыны айтылған.

Бұйрық 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді және 2031 жылғы 9 мамырға дейін қолданылады.

Тағы да оқыңыз: Мультимедиа, орындық, аккумулятор: Қазақстанда қандай автобөлшектер шығады.

Сондай-ақ оқыңыз