QR дәуірі: 7,1 трлн теңгенің 60 пайызы смартфон арқылы төленген

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
QR-төлем көлемі артты / Фото: shutterstock

Қазақстандықтардың күнделікті төлем әдеті түбегейлі өзгерді. Бұрын әмиянға салып жүретін пластик карта мен қағаз ақшаның орнын енді смартфондағы QR-код басты.

Ұлттық банктің 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығына жасаған шолуы осыны айқын дәлелдейді.

Жыл басынан бері ел тұрғындары 92,1 трлн теңгеге 7,1 миллиард рет қолма-қол ақшасыз төлем жасаған.

Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсті. Ал банкоматтан ақша шешіп алатындардың қатары, керісінше, 5,8 пайызға азайды.

Енді елдегі барлық қолма-қол ақшасыз төлемдердің 90 пайызы интернет, мобильді қосымшалар мен QR арқылы өтеді. Тұрғындар күн сайын орта есеппен 509 млрд теңгенің 39 миллионнан астам транзакциясын орындайды.

Бүгінде елдегі ең басты тренд – QR-төлем. Жарты жыл ішінде QR арқылы жасалған төлемдер POS-терминалдағы әдеттегі карталардың көрсеткішін шаң қаптырды.

Смартфон арқылы төлеу операциялар саны бойынша 38 пайызға, ал ақша көлемі жағынан 13 пайызға озып кетті. Әрбір қазақстандық күн сайын QR-кодпен 57,3 млрд теңгеге 11 миллион төлем жасайды.

Ал шілде айында іске қосылған бірыңғай банкаралық жүйе бұл процесті одан әрі жеңілдетті.

Енді азаматтар қай банк қосымшасын қолданса да, телефон нөмірі немесе ортақ QR арқылы ақша аударып, тауарға төлем жасай алады. Оның нәтижесі жаман емес: жаңа жүйе алғашқы айдың өзінде 210 млрд теңгенің 8 миллионнан астам операциясын сәтті өңдеді.

Бүгінде әр қазақстандыққа орта есеппен төрт банктік картадан келеді. Алайда олардың жартысы ғана белсенді әрі бұл карталардың көбі қазір виртуалды форматқа ауысқан.

Ұлттық банктің түсіндіруінше, сатып алушылар үшін бұл қызмет толықтай тегін болса, кәсіпкерлер үшін маңызды заңнамалық жеңілдік қарастырылған. Бірыңғай QR арқылы өтетін банкаралық комиссия мөлшерлемесі картамен төлеу комиссиясынан жоғары болмайды.

Сондай-ақ оқыңыз