Қазақстанда тұрғын үйлерді жер сілкінісінен міндетті сақтандыру енгізілмек

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Жаңа сақтандыру түрлері енгізіледі / Фото: shutterstock

Қазақстанның сақтандыру саласы азаматтардың жеке өмірі мен күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін ауқымды өзгерістер алдында тұр. Азаматтардың баспанасын табиғи апаттан қорғау, елге келетін туристерді сақтандырумен қамтамасыз ету, тіпті көлік айдау стиліне қарай автосақтандыру бағасын белгілеу – мұның бәрі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасында жазылған.

Жер сілкінісінен сақтандыру енгізілмек

Реформаның алғашқы кезеңінде елдегі жеке үй мен пәтерлерді үш түрлі табиғи апат: жер сілкінісі, су тасқыны және табиғи орман өртінен міндетті түрде сақтандыру ұсынылып отыр.

Үйі қатты зақымданған немесе толықтай қираған тұрғындар арнайы сақтандыру төлемін алады.

Бұл төтенше жағдай кезінде халықтың қаржы ауыртпалығын жеңілдетіп, мемлекет көмегіне деген тәуелділікті азайтуға бағытталған. Төлемдерді жинау мен зардап шеккендерге қаржы беру үшін Өмірді сақтандыру компаниясының еншілес ұйымы базасында арнайы қор құру жоспарланып отыр.

Қазір Қазақстанда міндетті сақтандырудың сегіз түрі бар. Олардың реттелу тәртібі де әртүрлі: міндетті түрлердің шарттары арнайы заңмен бекітілсе, міндеттелген түрлердің кейбір талаптары келісімшарт аясында анықталады. Агенттік бұл жүйені оңтайландырып, бірыңғай ереже әзірлемек.

Уақыт өте келе міндетті сақтандырудың тізіміне тағы 5 жаңа бағыт қосылады. Мәселен, шетелдік туристерге шұғыл медициналық көмек, тасымалдау және репатриация шығындарын жабатын полис міндеттеледі.

Одан бөлек, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін егін, мал немесе шаруашылық ғимараттарын агросақтандыру мәселесі екінші кезеңде қаралады.

Тізімге жылжымайтын мүлікті өрт, жарылыс немесе өртті сөндіру кезінде тиген тікелей шығыннан сақтандыру, кәсіпкерлердің өз қызметі аясында адам өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне келтірген зияны үшін шағын және орта бизнесті сақтандыру, сондай-ақ тұрғын үйді табиғи апаттардан сақтандыру киреді.

Тұрғын үйді апаттан сақтандыру қазірдің өзінде әзірленіп жатқан заң шеңберінде енгізіледі, ал қалған түрлері әзірге ұсыныс деңгейЖол-көлік апатына жиі түсетіндер үшін автосақтандыру қымбаттайды

Сонымен қатар, міндетті автосақтандыру жүйесі де түбегейлі өзгереді. Сақтандыру полисінің құны жүргізушінің жеке тәуекел деңгейіне қарай белгіленеді. Жол ережесін жиі бұзатын, жол-көлік оқиғасына ұшырайтын және агрессивті айдау стилі бар жүргізушілер үшін сақтандыру бағасы қымбаттайды.

Реттеушінің дерегі бойынша, 2021–2025 жылдары міндетті автосақтандыру бойынша жиналған сыйақы көлемі 44%-ға (82 млрд-тан 118 млрд теңгеге) өскен. Алайда сақтандыру төлемдерінің көлемі бірден 179%-ға артып, 38 млрд-тан 106 млрд теңгеге бірақ шықты. Шығын коэффициенті 51%-дан 106,8%-ға дейін күрт көтерілді.

Бұған жол-көлік оқиғаларының 51%-ға көбеюі және автосервис қызметі мен қосалқы бөлшектер бағасының 65%-ға қымбаттауы себеп болған. Осылайша, бұл сегмент сақтандыру компаниялары үшін тек шығын әкелетін салаға айналып отыр.

Реформа аясында міндетті сақтандырудың бірыңғай моделіне көшу ұсынылуда. Негізгі ережелер заң деңгейінде бекітіледі, ал тарифтер мен өзге де параметрлер нормативтік актілер арқылы реттеліп отырады.

Реттеуші белгілеген шекті тарифтік дәліз ішінде компаниялар полис құнын әр клиенттің тәуекеліне қарай өзі айқындайды. Агенттік жаңа сақтандыру түрлерінің бірден енгізілмейтінін ескертеді.

Бұған дейін жылжымайтын мүлікті табиғи апаттардан сақтандыру жарнасы жылына 20 мың теңге болуы мүмкін екені жазылған.

Сондай-ақ оқыңыз