Тоқаев пен Пашинян сауда және инвестициялық жобаларды талқылады

Жарияланды
Күндізгі жаңалықтар редакторы
фото: Ақорда

Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстандағы бір палаталы Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтады. Телефон арқылы сөйлескен тараптар екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты талқылады.

Никол Пашинян Құрылтай сайлауының Қазақстан үшін тарихи маңызы зор екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Премьер-министріне жылы лебізі үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Қазақстандағы сайлауға халықаралық байқаушылар миссиясы құрамында Армения өкілдерінің белсенді қатысқанын атап өтті.

Әңгіме барысында Қазақстан мен Армения арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары талқыланды. Тараптар бірлескен сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударды.

Бұған дейін Қазақстан Президентін Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен Ресей Президенті Владимир Путин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон құттықтаған.

Сонымен қатар Сербия Президенті Александр Вучич Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесіп, Құрылтай сайлауының өтуімен құттықтаған еді. Ол Қазақстан Президентінің реформалары азаматтардың жоғары қолдауына ие болғанын атап өткен.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының атына ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, ЕАЭК, ЭЫҰ, ТҮРКСОЙ және басқа да халықаралық ұйымдардың басшыларынан құттықтаулар келген.

Сондай-ақ оқыңыз