Тоқаев олимпиада жеңімпаздарына 6,5 млн теңгеге дейін сыйақы табыстады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадаларында жеңіске жеткен және жүлделі орындарға ие болған оқушылармен және студенттермен кездесті.

Салтанатты шараға 21 лауреат, сондай-ақ олардың ұстаздары мен тәлімгерлері қатысты. Олимпиада жеңімпаздарының алтауы алтын, 11-і күміс, төртеуі қола медаль иеленген. Тоқаев биыл қазақстандық оқушылар 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми сайысқа қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алғанын айтты. Оның ішінде 200-ден астамы – алтын медаль.

фото: Ақорда

Президент әсіресе халықаралық физика олимпиадасындағы нәтижені атап өтті. Қазақстаннан жарысқа қатысқан бес оқушының барлығы алтын медаль алған. Тоқаев мұны бұрын-соңды болмаған көрсеткіш деп бағалады.

«Жалпы, біз барлық бағыттар бойынша осындай үздік нәтижеге ұмтылуымыз керек. Қазақстан жастарының әлеуеті оған толық жетеді», – деді Президент.

Салтанатты рәсімде халықаралық пән олимпиадаларында жүлде алған оқушылар мен студенттерге қаржылай сыйақысы бар сертификаттар табысталды. Алтын медаль иегерлеріне – 6,5 млн теңге (1500 АЕК), күміс жүлдегерлерге –4,3 млн теңге (1000 АЕК), қола медаль иегерлеріне – 2,1 млн теңге (500 АЕК) көлемінде сыйақы қарастырылған.

Сондай-ақ шәкірттері халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен ұстаздар мен тәлімгерлер жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыз