«Жайықмұнай» 560 млн доллар облигациялық қарызын ерте өтейді

Астана халықаралық қаржы орталығының (AIX) биржасынан өз облигацияларын листингтен шығаруға өтінім бермек.
Бұл шешім жалпы құны 560 млн АҚШ долларын құрайтын артықшылығы бар облигацияларды мерзімінен бұрын толық өтеу жоспарымен байланысты.
Бағалы қағаздарды мерзімінен бұрын қайтару және оларды биржа тізімінен шығару 2026 жылғы 15 қыркүйекте жүзеге асады.
Мәлімделген делистинг тек «Жайықмұнай» ЖШС шығарған бағалы қағаздарға қатысты. Ал Nostrum Oil & Gas Finance B.V. тарапынан шығарылған облигацияларға бұл шешім ешқандай ықпал етпейді және олардың мәртебесі өзгеріссіз қалады.
«Жайықмұнай» ЖШС — Лондон биржасында тіркелген Nostrum Oil & Gas plc компаниясының жанама еншілес кәсіпорны.
Мұнай компаниясы Қазақстанның солтүстік-батысында орналасқан, өзінің заманауи газ өңдеу инфрақұрылымы мен экспорттық хабы бар. Кәсіпорынның негізгі өндіруші активі – «Чинарев» кеніші. Компания аталған кенішті игеру бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының жалғыз иеленушісі.
Бұған дейін Nostrum Oil & Gas Қазақстандағы бизнесін 304,6 млн долларға сататыны хабарланған. Келісімшарт әлі толық жабылған жоқ. Оған мемлекеттік органдар мен облигация ұстаушылардың келісімі қажет.
Инвестор «Жайықмұнай» ЖШС (Чинарев кен орны) және «Позитив Инвест» ЖШС-ны сатуға ниетті.
Сатып алушы ретінде Altaris Holding Ltd. компаниясы көрсетілген. Оның құрылтайшылары – миллионер Кеңес Рақышевқа тиесілі Fincraft Energy Holding Limited және БАӘ-де тіркелген ALTURION FZCO.
Сарапшы Нұрлан Жұмағұловтың пайымдауынша, бизнесменді жер астындағы көмірсутек қоры емес, жер үстіндегі сирек кездесетін стратегиялық инфрақұрылым – газ өңдеу зауыты көбірек қызықтырып отыр.