Алматыдағы блэкауттан кейін KEGOC топ менеджерлерге 83 млн теңге сыйақы төлеген

Алматы мен Алматы облысында жаппай жарықтың өшіп қалғанына қарамастан, KEGOC компаниясы өзінің топ менеджерлеріне сыйақы төлеген. Сыйақы көлемі 83 млн теңгені құрайды.
Үкімет отырысында журналистердің бірі «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжановтан Алматыдағы блэкауттан кейін компания өзінің топ менеджерлеріне төленген сыйақы туралы сұрады.
Компания басшысы өз кезегінде төлем сомасы директорлар кеңесімен бекітілгенін айтты. Компаниядағы еңбекақы төлеу және сыйақы жүйесі «Самұрық-Қазынаның» корпоративті стандарттарымен айқындалады.
«Бізде төлем сомасы директорлар кеңесімен бекітіледі. Төлемдердің барлығы тұтастай алғанда корпоративті стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады», – деді Айтжанов.
«Өзіңіз де сыйақы алдыңыз ба» деген сұраққа KEGOC басшысы оң жауап берді. Дегенмен өз сыйақысының мөлшерін жариялаудан бас тартты.
«Сыйақымның мөлшерін жариялауға құқығым жоқ. Мысалы, бұл төлемдерге тек премия ғана емес, сонымен қатар топ-менеджерлер мен директорлар кеңесі мүшелерінің, жалпы барлық қызметкерлердің жалақысы және тұтас төлем жүйесі кіреді, бұл сомалардың бәрі есепке алынады. Жалпы сома 587 млн теңгені құрады, оның ішінде нақты сыйақыға бағытталғаны шамамен 83 млн теңге», – деп нақтылады компания басшысы.
Сондай-ақ Айтжановтан энергия жүйесінің жұмысы тұрақсыз кезде мұндай сыйақының төленгені қаншалықты орынды екендігі сұралды.
«Біздің энергожүйеміз тұрақты. Орын алған блэкаут кезінде бәрі дұрыс жұмыс істеді. Энергожүйенің тұрақсыздығы туралы сұрақ ойдан шығарылған және шындыққа мүлдем сәйкес келмейді деп ойлаймын. Сыйақы мөлшеріне келетін болсақ, ол әрбір қызметкердің, басқарма мен директорлар кеңесінің әр мүшесі үшін қарастырылады. Компанияның алдына қойылған қаржылық міндеттердің бірі – таза табыс тұрақты өсім көрсетіп отыр. Сондықтан біз бұл сыйақыны негізді деп есептейміз», – деді Айтжанов.
KEGOC басшысының айтуынша, компанияның соңғы жылдардағы қаржылық көрсеткіштері едәуір өскен. Мәселен, 2023 жылы таза табыс 43 млрд теңгені құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 77 млрд теңгеге жеткен.