Forbes тізіміндегі кәсіпкерге тиесілі станцияның газға қарызы 14 млрд теңгеден асты

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock.

Электр энергиясы мен жылу өндіретін станциялардың отын жеткізушілер алдындағы берешегі жылдан-жылға өсіп барады. Ең ірі қарыз «Qazaqgaz Aimaq» АҚ алдында қалыптасқан: кәсіпорындар тұтынған газ үшін жалпы берешегі 72 млрд теңгеге жетіп қалған.

Ең ірі борышкер – 38,6 млрд теңге қарызы бар «МАЭК» ЖШС. «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» – Маңғыстау өңірін электр энергиясы, жылу және сумен қамтамасыз етіп отырған ірі кәсіпорын. 100 пайыз акциясы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясына тиесілі.

Миллионердің компаниясын қарызын қайтармады

Одан кейінгі орында 14,3 млрд теңге қарызы бар «Жамбыл ГРЭС» АҚ тұр. Бүкіл облысты электр энергиясы және жылумен қамтып отырған кәсіпорын «Таразэнерго-2005» компаниясына тиесілі. Ал түпкі иелері – 131 млн доллар байлығымен Forbes тізіміне кіретін Владимир Сидельковский мен дәулеті 102 млн долларды Эршат Салимов.

Қарыз көлемі бойынша үшінші орында «Ақтөбе ЖЭО» АҚ (6,8 млрд теңге) тұр. Жылу-электр орталығының құрылтайшысы – Inform Sistem компаниясы. Түпкі иесі – Қорлан Шәріпбаева мен Араб Әмірліктерінде тіркелген ORIZZONTE SOLIDO GROUP FZE компаниясы. Қорлан – QazaqGaz компаниясының бұрынғы басшысы, Қайрат Шәріпбаевтың қызы.

Сонымен қатар пайдаланған газ отыны үшін:

  • «Жайықжылуэнерго» АҚ — 3,3 млрд теңге;
  • «Алматыжылужайэнерго» ЖШС — 2,8 млрд теңге;
  • «Астана-Энергия» АҚ — 2,2 млрд теңге;
  • «Таразэнергоорталық» АҚ — 1,9 млрд теңге;
  • «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК — 1,7 млрд теңге қарыз.

Ал көмір жеткізу бойынша «Богатырь Көмір» ЖШС алдындағы жалпы берешек 87 миллион теңгені құрайды. Берілген көмірдің ақысын толықтай өтей алмай отырған жалғыз кәсіпорын — «Көкшетау Жылу» МКК.

Бұл компаниялардың отын қарызын төлемей келе жатқанына бірнеше жыл болған. Қарыз көлемі жыл сайын артып барады.

Сондай-ақ оқыңыз