Инфляциямен күресте Үкімет пен Ұлттық банктің қадамы неге қабыспай тұр

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
8 трлн теңге экономикадан шығарылады / Коллаж: ЖИ арқылы жасалған, автор Нұрсұлтан Ерболатұлы

Елдегі инфляцияны төмендету үшін Ұлттық банк экономикадағы артық ақшаны «жоюға» тырысып жатыр. Ал Үкімет алдағы үш жылда бюджет пен инфрақұрылым жобаларын қаржыландыру үшін Ұлттық қордан қосымша қомақты қаржы алуды көздейді.

Ұлттық банктің экономиканы «салқындату» жоспары

Реттеуші экономикадағы артық ақшаны алу үшін биыл шамамен 8 трлн теңгені «жоюды» жоспарлап отыр. Бас банкир Тимур Сүлейменов бұл туралы Үкімет отырысында хабарлады. Бұл межеге жетудің негізгі екі жолы бар.

  • Алтын сатып алу операцияларын теңестіру. Бұл механизм 2025 жылдың қаңтарында іске қосылды. Оның мәні – алтын экспортынан түскен валютаны ішкі нарықта сату. 2026 жылдың жеті айында осы тәсілмен нарықтан 2,4 трлн теңге алынған. Жыл соңына дейін оны 4,1 трлн теңгеге жеткізу көзделіп отыр.
  • Ең төменгі резерв талаптарын арттыру: Екінші деңгейдегі банктерге қойылатын талаптарды кезең-кезеңімен күшейту арқылы тағы 4 трлн теңгеге жуық қаражатты нарықтан шығару ұсынылып отыр.

Бұл шаралардың басты мақсаты – нарықтағы ақша массасын азайтып, инфляцияны төмендету.

Үкімет пен Ұлттық қор: ақша шығыны неге көбейді?

Ұлттық банк ақшаны шектеп жатқанда, Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді алдағы үш жылда 5 трлн теңгеге арттыруға мәжбүр.

Бұған дейін, 2024 жылы қордан 5,6 трлн теңге, ал 2025 жылы 5,3 трлн теңге алынған еді. Алайда Ұлтты қордағы қаржы орталана бастаған соң, үкімет 2026 жылы қордан алынатын қаржыны 2,7 трлн теңгеге дейін қысқартқан еді.

Бірақ бюджет шығыстарының жыл сайын өсуі шектеуді ұзаққа создырмады. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік нысандар мен ірі инфрақұрылымды салуға Ұлттық қордан бөлінетін ақшаны көбейтуді тапсырды. Үкімет енді осы тапсырманы орындап жатыр.

Сарапшылар Үкімет пен Ұлттық банктің қарама-қайшы әрекеттерін соңғы төрт жылдан бері сынап келеді. Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов үкіметтің салық саясаты мен Ұлттық банктің ақша-несие саясаты мүлдем үйлеспейтін айтқан. Ал бұл – Қазақстандағы жоғары және тұрақсыз инфляцияның негізгі себебінің бірі.

Өйткені Ұлттық банк ақша саясатын қатайтып, нарықтан теңгені «жойып» жатса, екінші жағы Үкімет Ұлттық қордан миллиардтап ақша құйып, инфляциялық қысымды арттырады.

Сондай-ақ оқыңыз