Құрылтай сайлауына бөлінген 34,4 млрд теңге қайда жұмсалды

Құрылтай депутаттарын сайлауға бөлінген 34,4 млрд теңгенің басым бөлігі сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбекақысына және дауыс беруді ұйымдастыруға жұмсалды. Бұл туралы журналистердің сауалына жауап берген Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник мәлімдеді.
Қаражат неге жұмсалды
Оның айтуынша, республикалық бюджеттен бөлінген қаражат алдымен жергілікті атқарушы органдарға, одан кейін жергілікті жерлердегі сайлау комиссияларына бағытталған.
«Бұл қаражат негізінен жергілікті жерде жұмыс істейтін сайлау комиссияларының мүшелеріне еңбекақы төлеуге, сондай-ақ сайлауды ұйымдастыруға байланысты негізгі жұмыстарға жұмсалды», – деді ОСК өкілі брифингте.
Ол бюджет қаражатының заңнамаға сәйкес жұмсалып жатқанын атап өтті. Өткен сайлауға іс жүзінде қанша қаржы жұмсалғаны және 34,4 млрд теңгенің нақты қалай бөлінгені туралы түпкілікті мәліметтер әзірге жарияланған жоқ.
Қаражаттың жұмсалу қорытындысы сайлау науқаны аяқталғаннан кейін 60 күн ішінде шығарылады. Сондай-ақ комиссия шығындар бойынша нақты әрі толық мәліметтерді кейін бөлек ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.
Еске салайық, Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттары сайлауының қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, бес партия депутаттық мандаттарды өзара бөліседі.