Заңсыз жолмен миллиард тапқан кәсіпорын басшысы сотталды

Шығыс Қазақстан облысында «AK Metal» ЖШС басшысы бір жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Қаржы мониторинг агенттігі хабарлады.
Тергеу мәліметінше, серіктестікке берілген лицензия тек қатты пайдалы қазбаларды барлауға ғана рұқсат еткен. Алайда зертханалық және технологиялық зерттеу деген желеумен темір кені мен темір кені концентраты өнеркәсіптік көлемде өндіріліп, кейін Қазақстанда және шетелде сатылған.
«Кен өндіру жұмыстарының салдарынан топырақ жамылғысы бүлініп, жердің табиғи бедері мен ландшафты өзгерген, тау-кен қазбалары мен үйінділер пайда болған. Бұл аумаққа елеулі техногендік әсер тигізген. Жалпы 70 мың тоннадан астам өнім заңсыз өндіріліп, сатылған», – делінген ақпаратта.
Агенттіктің ақпаратына қарағанда, қылмыстық жолмен алынған табыс 1 млрд теңгеден асқан. Сотталған адам осы қаражатқа қымбат активтер сатып алған.
Олардың ішінде Land Rover автокөлігі, бес бөлмелі пәтер, үш коммерциялық үй-жай, екі тұрақ орны және Алматы мен Алматы облысындағы екі жер учаскесі бар. Сот құны 1 млрд теңгеден асатын мүлікті мемлекет кірісіне тәркіледі. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кететін жайт, Ұлытау облысында 1 млрд теңгенің марганецін заңсыз өндіргендер ұсталды.