Тоқаев білім саласы төңірегіндегі айқай-шу мен даңғазаны тоқтату керегін айтты

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына қатысты әлеуметтік желілердегі дауларды сынап, мұндай пікірталастардың оқушылар мен мұғалімдер үшін нақты пайдасы болуы керектігін айтты. Мемлекет басшысы бұл туралы Астанада өтіп жатқан республикалық тамыз конференциясында мәлімдеді.

Тоқаевтың айтуынша, әлеуметтік желілерде білім беру мәселесіне қатысты қызу талқылаулар жиі болып тұрады.

«Көбімізге белгілі, әлеуметтік желілерде білім саласына қатысты қызу пікірталастар болып тұрады. Кейде мұндай дау-дамайларға білім жүйесінің бұрынғы және қазіргі лауазымды тұлғалары араласып жатқаны көзге түседі. Өкінішке қарай, осындай тартыстар білім саласына пайдасын тигізеді деп айту қиын», – деді Президент.

«Қазір бос сөздің уақыты емес»

Мемлекет басшысы өркениетті пікірталастың орнына әлеуметтік желілерде айқай-шу мен даңғазаның басым болып кеткенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай талқылаулардың мәнін ұстаздардың өзі түсінбей қалатын жағдайлар бар.

Президент балалардың болашағы үшін алаңдап, нақты ұсыныс айту мен жұртқа жақсы көріну үшін пікір білдірудің ара-жігін ажырату қажет екенін айтты.

«Әрине, балалардың болашағы үшін алаңдап, ұтымды ұсыныстар білдіру – бір бөлек әңгіме. Ал жанашыр болу үшін емес, жақсы атты болу үшін пікір білдіру – басқа мәселе. Өнбейтін дауды қуып, өрісімізді кеңейте алмайтынымыз анық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаевтың пікірінше, қазір қоғамға даулы мәселелерді көбейту емес, нақты нәтижеге бағытталған жұмыс қажет.

«Қазір бос бұрыс сөздің уақыты емес, нақты дұрыс істің дәуірі. Осыны ескерген жөн», – деді мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Тоқаев білім саласын жиі жасалатын реформаларды сынап, оны доғару керегін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз