«Болашақ» стипендиясы иегерлерінің тізімі жарияланды

232 қазақстандық «Болашақ» стипендиясын иеленеді. Ақордада президент әкімшілігінің басшысы Роман Склярдың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Кursiv.Media.
«Орташа есеппен конкурс бір орынға бес үміткерден асты, бұл бағдарламаға деген жоғары қызығушылықтың сақталып отырғанын және іріктеудің бәсекелестік сипатын көрсетеді», – делінген хабарламада.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстанның 232 азаматына тағайындалды:
- 179 адам магистратурада,
- 12 адам докторантурада,
- 1 адам бакалавриат бағдарламасы бойынша білім алады,
- 40 қазақстандық шетелдік ұйымдарда кәсіби тағылымдамадан өтеді.
Бұдан бөлек, 33 қазақстандыққа шетелдің жетекші университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуге стипендия бөлінеді.
Бағдарлама отандық ғалымдардың біліктілігін арттыруға, зерттеулердің заманауи әдістерін меңгеруге және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.