Бразилия TikTok иесіне 30 млн доллар айыппұл салды

Бразилияның Деректерді қорғау жөніндегі ұлттық агенттігі TikTok желісінің иесі ByteDance компаниясына 30 млн доллар айыппұл салды. Ведомство компанияны балалар мен жасөспірімдердің жеке деректерін өңдеу талаптарын бұзды деп таныды.
Тексеру кезінде Бразилия билігі TikTok-тың балалар мен жасөспірімдердің деректерін қорғауға қатысты бес талапты бұзғанын анықтаған. Заңсыздық TikTok-ты аккаунт ашпай қолданатындар мен тіркеліп қолданатындарға арналған екі түрлі нұсқадан да анықталды.
Сондай-ақ агенттік TikTok балалар мен жасөспірімдердің жеке деректерін жинап, оларды ешбір негізсіз өңдеп, пайдаланғанын білді. Компанияның кәмелетке толмағандардың платформаға тіркелуін шектеу үшін жеткілікті бақылау орнатпағаны да белгілі болған.
Бразилия билігі ByteDance-ке заң талаптарын бұза отырып жиналған деректерді жоюды тапсырды. Сондай-ақ компания кәмелетке толмағандардың ақпаратын қорғауды қалай күшейтетіні туралы арнайы жоспар ұсынуы керек.
Оқи отырыңыз: Жаңа Зеландия жасөспірімдерге әлеуметтік желіні қолдануға шектеу қоймақ