Геосаяси жағдайдың шиеленісуі салдарынан алтын қымбаттады

Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі мен геосаяси белгісіздік әлемдік қаржы нарығын әрқилы күйге түсірді. Инвесторлардың қауіпсіз активтерге ұмтылуы алтын бағасын үш айдағы ең жоғары межеге жеткізсе, АҚШ-тың Иранға қарсы жаңа санкция толқынына қарамастан, Brent маркалы мұнай құны арзандады. Қазақстан қаржыгерлері сарапшыларының пікірінше, отандық валюта және қаржы нарығында салық кезеңінің аяқталуы мен Ұлттық банктің операциялары аясында салыстырмалы түрде тұрақтылық байқалады.
Алтын бағасы 1,2%-ға қымбаттап, трой унциясы үшін 4 737 долларға жетті. Ал АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік облигацияларының кірістілігі 4,72%-дан 4,70%-ға дейін төмендеді. Мұнымен қатар доллар индексі 0,2%-ға өсіп, 99,0 тармақты құрады.
Ұлттық валюта бағамы тұрақтылық танытты
24 тамыз, дүйсенбідегі сауда-саттық қорытындысы бойынша долларға шаққандағы теңге бағамы өзгеріссіз қалып, бір доллар үшін 457,65 теңгені құрады. Бұл ретте сауда-саттық көлемі 122,1 млн долларға азайып, 549,2 млн доллар деңгейінде белгіленді.
Тоқсандық салық төлемдерінің соңғы күні қарсаңында шетелдік валютаға деген сұраныс пен ұсыныс арасында тепе-теңдік орнады. Сонымен қатар демалыс маусымының аяқталуы мен Ұлттық банктің валюта сату операцияларын ұлғайтуы ұлттық валютаға косымша демеу болып отыр.
Мұнай бағасы арзандады
АҚШ-тың Иранға экономикалық қысымды күшейту жоспарын жариялағанына қарамастан, мұнай бағасы аптаны 1,2%-ға төмендеумен бастап, барреліне 86 долларға дейін арзандады.
АҚШ Каржы министрі Скотт Бессенттің мәлімдеуінше, Иран режиміне ядролық және зымырандық технологияларды алуға, мұнай сатудан табыс табуға және кибероперациялар жүргізуге көмектесетін 60-тан астам ұйымға, жеке тұлғаға және кемелерге санкция енгізілді.
Тәуекелі жоғары активтер қысымға ұшырады
Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс пен жартылай өткізгіштер секторындағы бағалы қағаздарды жаппай сату салдарынан АҚШ-тың негізгі индекстері 0,3–0,8% аралығында төмендеді.
Мұнымен қоса, АҚШ президенті Дональд Трамптың Канададан импортталатын барлық жеңіл және жүк көліктеріне, автобөлшектер мен болатқа қолданылатын тарифтерді 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап 50%-ға дейін көтеру туралы мәлімдемесі де нарыққа салмақ түсірді.
Жаңа тарифтер Канаданың АҚШ-қа экспортының 5%-дан астамын ғана қамтып, ЖӨӨ-ге тікелей әсері шектеулі болғанымен, саудадағы белгісіздіктің артуы инвестициялық белсенділік пен жұмысқа қабылдау процестеріне кері әсер етуі мүмкін.
Геосаяси белгісіздік жағдайында инвесторлардың тәуекелсіз құралдарға деген сұранысы сақталып отыр.