Миллиардер Сейтжановтардың әулеті фосфорит шығаратын зауыт салып жатыр

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Миллионер зауыт құрылысына қомақты инвестиция салады / Фото: kursiv.media архиві

Түркістан облысының Созақ ауданында құны 150 млрд теңгеге бағаланған ауқымды химиялық жоба қолға алынды. Өңірдегі фосфорит рудасын өндіріп, оны терең өңдейтін жаңа зауыт құрылысын «Созақ Фосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырады. Бұл кәсіпорын миллардер Сейтжановтар отбасының бизнесіне тиесілі. Қазақстанның бай кәсіпкерлері тізіміне енетін бұл отбасы аталған бастама арқылы еліміздің химия өнеркәсібін жаңа деңгейге көтеруді көздейді.

Зауытты толық іске қосу 2028 жылға жоспарланып отыр. Жаңа өндіріс орны жылына 2 млн тонна фосфат рудасын қайта өңдеуге қауқарлы. Одан бөлек, жылына 1,6 миллион тонна күкірт қышқылы, 600 мың тонна фосфор қышқылы, 350 мың тонна синтетикалық аммиак, сондай-ақ 600 мың тоннадан диаммонийфосфат (DAP) пен моноаммонийфосфат (MAP) тыңайтқыштары шығарылады.

Бұл екі тыңайтқыштың жылдық жиынтық қуаты 1,2 миллион тоннаға жетеді. Дайын өнімдер ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, Қытай, Үндістан және көршілес жақын шетелдерге экспортқа шығарылады.

Созақтағы кен орнының шикізат қоры өте мол. Мемлекеттік қор комиссиясының қорытындысына сүйенсек, бұл аймақтағы фосфорит рудасының қоры 1 млрд тонна шамасында бағаланып, ондағы фосфордың үлесі 20–30 пайызды құрайды.

Ал «Созақ Фосфат» компаниясының өзі нақтыланған қор көлемін 912,9 миллион тонна деп көрсетеді. Бұл көрсеткіштің 763,7 миллион тоннасы Үшбас-1, 135,1 миллион тоннасы Үшбас-2, ал 14,1 миллион тоннасы Чийлибулак кен орындарына тиесілі.

Ауқымды өндіріс орнының технологиялық бөлігін әзірлеу жұмысы қытайлық «Sinopec Nanjing Engineering Co., Ltd» компаниясына тапсырылды. Сейтжановтар тарапы бұл серіктеспен арнайы келісімшартқа отырған.

«Созақ Фосфат» зауытының түпкі иесі – Серікжан Сейтжанов әулеті. Дәулеті 402 млн долларға бағаланатын Сейтжановтар отбасы ең бай кәсіпкерлер рейтингінде 27 орында тұр.

Олар «Оңтүстік» корпорациясы арқылы мұнай өндіретін «Саутс Ойл» компаниясының 57,16%-ына иелік етеді. Сонымен қатар отбасының құрылыс саласындағы «МунайҚұрылысСервис», бұрғылау компаниясы «Smart-Oil», «Стандарт Цемент» зауыты, «Central Asia Mining Co», цианид өндірісімен айналысатын Talas Investment Company сияқты кәсіпорындары бар. Бұдан бөлек, Сейтжановтарға Rixos Khadisha Shymkent, Rixos Turkestan қонақүйлері мен Khanshaiym Plaza сауда орталығы тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз