Оқушыларға ғылыми жобалардағы жеңісі үшін ақшалай сыйлық беріледі

Қазақстандық оқушыларға енді олимпиадалардағы жетістіктері үшін ғана емес, ғылыми жобалар байқауларындағы жеңістері үшін де ақшалай сыйлық беріледі. Дарынды балаларды қолдаудың қосымша шаралары жаңа оқу жылынан бастап енгізілуі мүмкін. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың республикалық тамыз конференциясында мәлімдеді.
Биылғы конференция «Адам капиталы, білім, прогресс – халықтық Конституцияның негізгі құндылықтары» тақырыбына арналған. Өз сөзінде Тоқаев елдің одан әрі дамуын білім сапасы мен жас ұрпақтың зияткерлік әлеуетімен байланыстырды.
«Жаңа цифрлық дәуірдің басталуына байланысты адам капиталы дамудың аса маңызды факторына айналып отыр. Бұл – Қазақстанның мықты тұсы. Балаларымыз талантты және әлемдік аренада жоғары бәсекеге қабілетті екенін көрсетіп жүр», – деді президент.
Тоқаев халықаралық пән олимпиадаларында жоғары нәтиже көрсетіп жүрген қазақстандық оқушыларды атап өтті. Жуырда жеңімпаздар тобы Ақордаға барып, марапаттарға ие болған.
Мемлекет басшысының айтуынша, енді дарынды балаларды ынталандыру жүйесін кеңейту қажет.
«Осы оқу жылында дарынды балаларды ынталандыру бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырдым. Ақшалай сыйлықтар енді тек олимпиадалардағы жетістіктері үшін ғана емес, ғылыми жобалар байқауларындағы жеңістері үшін де берілетін болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Білім мен технологияға басымдық беріледі
Президент білім, жаңа технологиялар мен экономиканың өзара байланысына да тоқталды. Оның айтуынша, жастардың зияткерлік әлеуетіне салынған инвестицияның нәтижесін технологиялық бизнестің дамуынан да көруге болады.
«Озық технологиялар жастардың зияткерлік әлеуетімен ұштасып, қазірдің өзінде айтарлықтай экономикалық нәтиже беріп отыр. Жаңа стартаптар құрылып, алғашқы «сыңармүйіздер» пайда болды», – деді мемлекет басшысы.
Еске салайық, биылғы оқу жылында мектеп бағдарламасына «Құқық негіздері» пәні, «Конституция негіздері» және «Заң мен тәртіп негіздері» курстары енгізіледі. Президент оның мәнін түсіндірді.