Полиция, нотариус және ХҚКО қызметкерлерінен құралған қылмыстық топ сотталды

Алматы облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 17 мүшесі 800-ден астам көлікті тіркеу есебіне заңсыз қойғаны үшін сотталды. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Қылмыстық топ мүшелері 2 жылдан 11 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Мемлекетке төленбеген тіркеу және утиль алымдарының жалпы сомасы 6,6 млрд теңгеден асты.
Тергеу барысында қылмыстық топтың екі жыл бойы белгіленген талаптарды айналып өтіп, автокөліктерді заңсыз тіркеумен айналысқанын анықтады.
Алғашқы кезеңде схемаға қатысушылар техникалық регламент талаптарын бұзып, Қазақстанға әкелінген 642 жүк көлігін заңсыз тіркеген. Заңсыз әкелінген көліктерге Қазақстанда бұрын тіркеліп, кейін есептен шығарылған көліктердің VIN-кодтары берілген. Осы тәсілмен тағы 209 көлік тіркелген.
Заңсыз схемаға полиция қызметкерлері, мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері және жеке нотариустар қатысқан. Олар ақпараттық жүйелерге жалған мәлімет енгізуді және жалған тұлғаларға сенімхат рәсімдеуді қамтамасыз еткен.
Төленбеген тіркеу алымының сомасы 5,4 млрд теңгені, утиль алымы 1,2 млрд теңгені құрады.
Тергеу барысында көлік иелері алғашқы тіркеу алымдарын өз еркімен төлеп, нәтижесінде мемлекетке 1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Сот үкімімен сотталғандардың бес автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленді. Бұрынғы төрт полиция қызметкері арнайы атақтарынан айырылды. Іске қатысы бар нотариустарға сот нотариаттық қызметпен айналысуға тыйым салды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.