Президент Тоқаев Сингапурдың аға министрімен кездесіп, орден табыстады

Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурдың аға министрі Ли Сянь Лунды қабылдады. Кездесу барысында президент бұл сапардың тарихи мәні бар екенін атап өтіп, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия өңірлеріндегі екі елдің берік серіктестігіне тоқталды, деп хабарлайды Кursiv.Media.
«Осыдан 35 жыл бұрын, Қазақстан тәуелсіздігінің елең-алаңында әкеңіз Ли Куан Ю Қазақстанға келген еді. Сол сапар өзара қарым-қатынасымыздың берік негізін қалады. Біз Сингапур басшылығының көреген саясатын жоғары бағалаймыз. Сіздің еліңіздің тәжірибесі бүкіл халықаралық қоғамдастыққа үлгі болып отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазіргі таңда Қазақстанда Сингапур капиталы бар 500-ге тарта компания, соның ішінде PSA International мен Temasek Holdings сияқты ірі кәсіпорындар табысты жұмыс істеуде. Мемлекет басшысы елімізде инвесторлардың құқығын қорғауға және саяси-экономикалық жүйені жетілдіруге баса мән берілетінін жеткізді.
Кездесуде көлік-логистика саласын дамыту мәселесі арнайы сөз болды. Қазақстан Астанада жаңа заманауи әуежай салуды жоспарлап отырғандықтан, әлемдік «алтын стандарт» саналатын Сингапурдың Чанги әуежайының озық тәжірибесін енгізуге мүдделі.
Сонымен қатар, президент жасанды интеллект пен цифрландыру бағытындағы ынтымақтастықты жандандыруды ұсынды. Ол үшін елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, тиісті реформалар жүзеге асырылып жатқаны айтылды.
Өз кезегінде Сингапурдың аға министрі екіжақты байланыстың жоғары деңгейін атап өтіп, Қазақстандағы саяси өзгерістерге оң баға берді.
«Алғашқы Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтаймын. Сіздің жетекшілігіңізбен іске асырылып жатқан ауқымды саяси реформаларды қолдаймыз. Екіжақты қарым-қатынасымыз жаңа әрі сапалы деңгейге көтерілді», – деді Ли Сянь Лун.
Кездесу соңында тараптар экономика, «ақылды» қалаларды дамыту, ауыл шаруашылығы, аса маңызды минералдар мен туризм салаларындағы ықпалдастықты одан әрі кеңейтуге келісті.