Қазақстанға тағы 5 мыңнан аса мұғалім қажет – Тоқаев

Қазақстанда халық санының өсуі мен жаңа мектептердің салынуына байланысты елге тағы 5 мыңнан астам мұғалім қажет. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан республикалық тамыз конференциясында мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, оқу-ағарту саласындағы кадр тапшылығын жоюмен қатар, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға да басымдық берілуі керек.
«Оқу-ағарту саласындағы кадр тапшылығын жойып, ұстаздардың біліктілігін көтеру қажет. Бұл бағытта жүйелі шаралар қолға алынған. Нақты жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, қолға алынған шаралардың нәтижесінде педагогикалық мамандықтарды таңдаған жастардың саны артып келеді. Биыл мектеп бітірген 12 мыңнан астам түлек педагогикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік грант иеленген. Оның ішінде 2 мыңнан астамы мектепті «Алтын белгімен» тәмамдаған.
Мұғалімдерге сұраныс артып келеді
Тоқаев кадр тапшылығы мәселесін толық шешу үшін әлі де жұмыс жүргізу қажет екенін атап өтті. Бұған елдегі демографиялық өсім және жаңа мектептердің көптеп салынуы себеп болып отыр.
«Елімізге тағы 5 мыңнан астам мұғалім керек. Себебі халық саны тұрақты түрде артып келе жатыр. Соңғы жылдары салынып жатқан мектептер саны да артып келе жатқандықтан, педагогке де сұраныс бар», – деді президент.
Мемлекет басшысы жауапты министрлік осы мәселені шешуге бағытталған тың тәсілдер ұсынуы қажет екенін айтты.
Ауыл мектептерінде жаратылыстану бағытындағы пән мұғалімдері тапшы
Бұл мәселеге қатысты Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да пікір білдірді. Оның айтуынша, әсіресе шағын жинақты және ауыл мектептерінде жаратылыстану-ғылыми бағыттағы пәндерден мұғалім тапшылығы байқалады.
Министрдің сөзінше, қазіргі таңда шағын жинақты мектептерде 1,4 мыңға жуық педагог жетіспейді. Бұдан бөлек, ауыл мектептерінде физика, химия, биология және математика пәндерінің мұғалімдеріне сұраныс жоғары.
«Бізде шағын жинақты мектептерде 1400-ге жуық мұғалім тапшылығы бар. Одан бөлек, ауыл мектептерінде физика, химия, биология, математика сынды пәндерге мұғалім тапшы», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның айтуынша, мәселені шешу үшін Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, қажетті мамандарды жедел даярлау мәселесі қарастырылып жатыр.
Сонымен қатар министр инклюзивті білім беру саласында да кадр тапшылығы бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, дефектолог мамандар жетіспейді.
«Инклюзияға қатысты дефектолог мамандардың жетіспеуін көріп отырмыз. Олар неге төрт жыл оқуы керек? Қазір колледждерде дефектологтарды даярлау және оларды білім беру саласына енгізуге қатысты жедел шешімдерді қарастырып жатырмыз», – деді министр.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі тамыз конференциясында білім саласын жиі реформалауды доғару керегін айтты.