Талғарда нан дүкенінің иесін өлтіріп кетті

Алматы облысы Талғар ауданындағы Ақтас ауылында нан дүкенінің иесін пышақтап кеткен. Бұл туралы әлеуметтік желі қолданушылары жазды.
«Талғар өте қауіпті ауданға айналып барады. Ақтаста кеше түнде тандыр нан сататын жердің иесін 13 рет пышақтап кетіпті. Өзі өте жақсы кісі болатын. Жатқан жері жайлы болсын», – деп жазды Threads қолданушысы.
Алматы облысы полициясы бұл деректі растап, адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында 56 жастағы күдікті анықталып, ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол кінәсін мойындап отыр», – деп хабарлады полиция.
Алдын ала мәлімет бойынша, жәбірленуші мен күдікті сөзге келіп қалған. Жанжал барысында күдікті ер адамға пышақпен екі рет жарақат салып, кейін оқиға орнынан қашып кеткен.
Тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіледі.
Бұған дейін Талдықорғанда 20 жастағы жігітті пышақтап кетті.