Әпкесінің туған күнін отшашумен атап өтпек болған астаналық қамалды

Астанада түнгі уақытта отшашу ұйымдастырған ер адам 5 тәулікке қамауға алынды.
24kz хабарлауынша, полиция қызметкерлері Астанадағы ойын-сауық орындарының бірінің маңындағы автотұрақта отшашу ұйымдастырған 34 жастағы ер адамды анықтады.
«Тексеру барысында ол әпкесін туған күнімен құттықтау үшін отшашу атқаны белгілі болды. Алайда пиротехниканы түнгі уақытта қолдану тұрғындардың тыныштығын бұзып, қоғамдық тәртіпке кедергі келтірген», – делінген ақпаратта.
Сот қаулысымен құқық бұзушы 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Полиция мерекелік іс-шаралар кезінде қоғамдық тәртіп талаптарын сақтаудың маңызын еске салады.
Қала тұрғындарын өзге азаматтардың тыныштығын құрметтеуге және пиротехникалық бұйымдарды тек рұқсат етілген орындарда, қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып пайдалануға шақырды.
Айта кететін жайт, отшашу атқан Бурабайдағы Rixos қонақүйінің иесіне айыппұл салынды.