Алматы-Ташкент пойызында әйелдер вагоны пайда болады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ

1 қазаннан бастап Алматы – Ташкент бағытындағы халықаралық пойызда әйелдерге арналған арнайы вагон пайда болады. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ хабарлады.

Компания мәліметінше, ұлттық тасымалдаушы алғаш рет халықаралық бағытта «Әйелдер вагонын»іске қосып отыр. Бұған дейін мұндай вагондар тек Қазақстан ішіндегі пойыздарда қолданылған.

«Әйелдер вагонына» билетті тек әйелдер сатып ала алады. Олармен бірге жеті жасқа дейінгі ұл балаларға жүруге рұқсат етіледі. Вагонда тек әйел жолсеріктер қызмет көрсетеді.

«Бағытқа сұраныстың жоғары болуы және жолаушылар ағынының өсуіне байланысты бұл бағытта «Әйелдер вагонын» іске қосу туралы шешім қабылданды. Бұл қызмет ішкі теміржол бағыттарында да үлкен сұранысқа ие», – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Ануар Ахметжанов.

Алматы – Ташкент пойызы күн сайын қатынайды. Алматыдан пойыз 19:05-те шығып, Ташкентке жергілікті уақыт бойынша 12:53-те жетеді. Кері бағытта пойыз Ташкенттен 14:41-де шығып, Алматыға 08:51-де келеді.

Онлайн билет сатып алу кезінде әйелдер вагонын «ЖН» белгісі арқылы ажыратуға болады. Билеттер пойыз жөнелтілетін күнге дейін 45 күн бұрын сатылымға шығады.

Жалпы «Жолаушылар тасымалы»АҚ 14 бағытында әйелдер вагоны бар. Жыл сайын шамамен 6 млн-ға жуық әйелді тасымалдайды.

Сондай-ақ оқыңыз