BMW iX3 EV электромобиліне ондаған мыңнан аса тапсырыс түскен

BMW iX3 EV электромобилі Қытайда алдын ала тапсырыс бойынша жақсы көрсеткішке ие болып отыр.
Carnewschina ақпаратына қарағанда, BMW компаниясы 21 тамызда Чэнду автосалонында өзінің «Neue Klasse» сериясындағы iX3 моделіне алдын ала тапсырыс қабылдауды бастаған.
«Сурет сатып жатырмыз»
Модельге қазірдің өзінде ондаған мың алдын ала тапсырыс түскен. Алайда сатылым кезінде ерекше мәселе туындаған. Дилерлік орталықтарда көліктің бірде-бір демонстрациялық нұсқасы жоқ.
Сондықтан сату бөлімдерінің қызметкерлері көлікті тек брошюралар мен цифрлық суреттер арқылы таныстыруға мәжбүр. BMW компаниясында көп жылдан бері жұмыс істейтін сатушылардың бірі: «Біз көлік емес, сурет сатып жатырмыз», — деп шағымданған.
Бағасы қандай
iX3 бағасы 39 700 АҚШ долларынан басталып 49 900 долларға дейін жетеді. 36KR сауалнама жүргізген дилерлердің айтуынша, сұраныс өте жоғары. Мысалы, орталық өңірлердегі кейбір дилерлік орталықтар алғашқы аптаның өзінде 80-ге жуық алдын ала тапсырыс алған.
Мұндай «көрмей тұрып тапсырыс беру» жағдайларының күрт өсуі BMW брендінің Қытай нарығындағы беделі жоғары екенін көрсетеді.
Техникалық сипаттамасы
iX3-тің ең жоғары нұсқасы үлкен цилиндр тәрізді аккумуляторлармен жабдықталған. Олар CLTC стандарты бойынша 919 шақырымға дейін жүріп өтуге мүмкіндік береді. Цинхай көліндегі ресми сынақтар кезінде көліктің нақты жүріс қоры 800 шақырымнан асқаны расталған.
iX3 моделінде Momenta компаниясымен бірлесіп әзірленген автономды жүргізу жүйесі бар. Ол барлық нұсқада стандартты түрде ұсынылады. Сонымен қатар көлік Alibaba-ның Qwen жүйелері мен DeepSeek технологияларымен біріктірілген интеллектуалды аспаптар панелімен жабдықталған. Бұл дауыспен басқару мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Айта кететін жайт, маусым айында Қазақстанда жаңа BMW iX3 ресми таныстырылымы өткен еді.